Бақытжан Базарбек бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша Бас прокуратураға 4 арыз береді
АСТАНА. KAZINFORM - Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша Бас прокуратураға 4 арыз береді.
Оның атап өтуінше, арыздар мынадай 4 бағытқа қатысты: «СҚ-Фармация» мен ірі фармацевтикалық компаниялар қызметін қоса алғанда аталған салаға жүргізілген аудит нәтижелері, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында қаражат жымқыру, ауыл шаруашылығында субсидия бөлу мәселесі, сондай-ақ 27 маусымда мақұлданған Үкімет есебі.
— Қазір Жоғары аудиторлық палатаның фармацевтика саласына жүргізген аудитор қорытындысы бойынша Бас прокуратураға арыз дайындап жатырмын. Сонымен қатар МӘМС бойынша ақша қаражаттарын жымқырған субъектілерге қатысты арыз дайындалып жатыр. Ауыл шаруашылығындағы субсидия мен Үкімет есебі бойынша да жекелеген арыз бар. Барлығы 4 бағытта, — деді ол Парламент палаталарының бірлескен отырысы аясында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Депутат аталған арыздарды Парламенттің 5-сессиясы аясында соңына дейін іске асыруға ниетті екенін айтты.
— Біз қылмыстық іс қозғауға, тексеру жүргізуге, әшкерелеуге және тұтқындауға қол жеткіземіз. Бас прокуратурамен жұмысты соңына дейін апарамыз, — деді Бақытбек Базарбек.
Мәжіліс депутаты арыз шілде айының соңында берілетіндігін айтады. Ал арыз мәтіні Facebook, Instagram және TikTok әлеуметтік желілерінде жария етіледі.
Айта кетейік, бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда сегізінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясы ресми түрде жабылды.