Бақша өнімдерін қалай таңдау керек - санитариялық дәрігер кеңесі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бақша өнімдерін дұрыс таңдау үшін санитариялық дәрігерлердің бірнеше кеңесін ескерген жөн, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мамандардың пайымынша, кез-келген көкөністерді, жеміс-жидектерді пісу маусымына сәйкес сатып алу керек. Қауын мен қарбыз үшін шілде-қыркүйек айлары пісу уақыты болып есептеледі.

«Бақша дақылдарының айналымы (тасымалдау, сақтау және өткізу) олардың сорты, сапасы мен қауіпсіздігін растайтын қажетті ілеспе құжаттар болған кезде ғана рұқсат етіледі.

Қарбыз-қауынды сақтау үшін жабдықталған бақша павильондарында және супермаркеттерде арнайы сөрелерден сатып алу дұрыс, себебі онда бақша дақылдарын сақтаудың санитариялық шарттары әлдеқайда жоғары.

Қауын, қарбыздарды сөрелерде, арбаларда және осындай мақсатта арнайы жабдықталған ашық алаңдарда сатуға болады. Бұндай жағдайда бақша дақылдарының жемістерін жерде сақтауға болмайд», - делінген санитариялық дәрігерлер таратқан хабарламада.

Тұтынушының сатылатын өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарды (декларацияны) сұратуға құқығы бар.

«Кесілген қарбызды немесе қауынды сатып алмаңыздар және сатушыдан оларды кесуді сұрамаңыздар, бұл санитариялық ережелермен тыйым салынған. Кесілген қарбыз бактериялық ластанумен қауіпті.

Жақсы қауынды қанық сары немесе қызғылт сары түсімен және хош, қанық және жағымды иісімен таңдауға болады. Қатты піскен қауыннан қантты жемістердің иісі сезілуі мүмкін. Сондай-ақ, қабығы бұзылған немесе жаншылған болса, қауынды сатып алмаған жөн, себебі олардың асты былпылдақ және ащы болуы мүмкін.

Тәтті қарбызды анықтау үшін басқа да амал – сыртқы қабығын тырнап көру. Егер тек жоғарғы эпидермис алынса, онда ол піскен. Бұл дұрыс сатып алудың ең қарапайым әрі тиімді әдісі», - дейді мамандар.

Қарбызды таңдағанда оны шертіп, дыбысынан пісіп-піспегенін білуге болады. Дыбыс қарбыздың ішіндегі мәйектің жұмсарғанына немесе жұмсармағанына байланысты. Жас жеміс сыңғырлайды, ал піскен қарбыздың дыбысы саңырау болады. Қарбыздың құрғақ түйнегі оның піскендігінің белгісі емес, тек жемістің қанша уақыт бұрын жұлынғанын көрсетеді.

Қарбыз бен қауынды тұтынар алдында сабынмен мұқият жуып, қайнаған сумен шаю керек. Қарбыз, қауын және басқа да дақылдар сияқты құрамында талшықтары мен глюкозасы көп өнімдерді тамақтанғаннан кейін ғана тұтыну керек.

«Сонымен қатар, қауын мәйегінде темір, калий, кальций, магний, В, С және А дәрумендер тобы, каротин және пектиндер көп екенін білу пайдалы. Осы микроэлементтердің арқасында қауын жүрек-тамыр ауруларының алдын алу құралы болып табылады, қандағы холестеринді төмендетеді және атеросклероздың дамуына жол бермейді, жүйке жүйесін тыныштандырады, асқазан жұмысын қалыпқа келтіреді, сонымен қатар организмді токсиндерден тазартады.

Қарбыз ыстықта сергітіп қана қоймайды, сонымен қатар құрамындағы көптеген заттармен пайдалы. Қарбыздағы фолий қышқылы (В9 дәрумені) бауырдың майлы инфильтрациясына жол бермейді, иммундық жүйені қорғайды, ақ қан клеткаларының – лейкоциттердің қалыпты құрылуы мен жұмыс істеуіне ықпал етеді, жүктілікте маңызды рөл атқарады – эмбрионның жүйке жасушаларының қалыптасуын реттейді, бұл оның қалыпты дамуы үшін аса маңызды», - дейді санитариялық дәрігерлер.