Бактериялардың антибиотикке төзімділігі артқан: еліміздегі ахуал қандай

АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы жылдары әлемде антибиотиктерге төзімді бактериялар көбейіп, кейбір инфекцияларды емдеу қиындап барады. Антибиотиктер неге әсер етпей қалады? Дәріні орынсыз қабылдаудың салдары қандай? 18–24 қараша аралығында өтетін микробқа қарсы препараттарға төзімділік туралы дүниежүзілік ақпараттандыру апталығына орай Kazinform тілшісі Қазақстандағы жағдайды зерделеп, осы сауалдарға жауап іздеді.

Фото: Kazinform / ЖИ

Қазақстанда антибиотикке төзімділік қаншалықты артты

Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Kazinform сауалына берген жауабында елімізде бірқатар бактерияның антибиотиктерге төзімділігі артып келе жатқанын хабарлады.

– E. coli және Klebsiella pneumoniae бактерияларының үшінші буын цефалоспориндеріне төзімділігі соңғы үш жылда 20%-ға артқан, – делінген комитет жауабында.

Ішек таяқшасы (E. coli) мен Klebsiella pneumoniae бактериялары несеп жолдарының инфекцияларын, өкпенің қабынуын және басқа да ауруларды тудыруы мүмкін. Ал цефалоспориндер – бактериялық инфекцияларды емдеуге қолданылатын антибиотиктердің бір тобы.

Егер инфекция қоздырғышы тағайындалған антибиотикке төзімді болса, ем нәтиже бермеуі ықтимал. Мұндай жағдайда бактерияның қандай дәріге сезімтал екенін зертханалық жолмен анықтап, соған сай ем таңдауға тура келеді.

Комитеттің мәліметінше, алтын түстес стафилококк (Staphylococcus aureus), көк ірің таяқшасы (Pseudomonas aeruginosa), Acinetobacter baumannii және энтерококтар арасында да антибиотикке төзімділік анықталып отыр. Елімізде бірнеше антибиотикке бірдей төзімді бактериялар да кездеседі. Бұл мәселе әсіресе жансақтау және қарқынды терапия бөлімшелерінде өзекті.

Ведомство антибиотикке төзімділіктің негізгі себептері ретінде дәріні шамадан тыс әрі негізсіз қолдануды, дәрігердің тағайындауынсыз қабылдауды және емдеу тәртібін сақтамауды атады.

Антибиотикке қайсысы төзімдірек: адам ағзасы ма, әлде бактериялар ма?

Кей адамдар антибиотикті жиі қабылдаса, ағзасы дәріге үйреніп кетеді деп ойлайды. Шын мәнінде, антибиотикке адам ағзасы емес, бактериялар төзімді болады.

Nazarbayev University Медицина мектебінің докторанты Дариға Жазықбаеваның айтуынша, адам ағзасында тіршілік ететін кейбір бактериялар қалыпты жағдайда зиян келтірмейді. Алайда иммунитет әлсірегенде немесе адам қатты ауырғанда олар инфекция тудыруы мүмкін.

Мәселен, ішек таяқшасы мен Klebsiella pneumoniae адамның ішегінде, ал алтын түстес стафилококк терісінде кездеседі. Мұндай бактериялар шартты патогенді деп аталады.

Дариға Жазықбаеваның түсіндіруінше, антибиотиктерді жиі әрі орынсыз қабылдау дәріге төзімді бактериялардың көбеюіне жағдай жасайды.

– Адам антибиотикті бірінен соң бірін қабылдай берсе, осы бактериялар дәріге төзімді бола бастайды. Кейін олар цистит немесе басқа да инфекцияларды тудыруы мүмкін. Мұндай жағдайда антибиотиктер әсер етпеуі ықтимал, – деді зерттеуші.

Оның сөзінше, антибиотик қабылдаған кезде ауру қоздырғыштарымен бірге ағзадағы пайдалы бактериялар да жойылуы мүмкін. Ал дәріге төзімді бактериялар сақталып, көбейе береді.

Мәселені күрделендіретін тағы бір жайт бар. Бактериялар дәріге төзімділік гендерін бір-біріне бере алады. Төзімді бактериялар адамдар арасында да таралуы мүмкін. Сондықтан антибиотиктерді орынсыз қолданудың салдары бір адамның денсаулығымен шектелмейді.

Дегенмен антибиотиктің әсер етпеуі әрдайым бактериялардың дәріге төзімділігіне байланысты емес. Мәселен, тұмау мен суық тиюдің басым бөлігін вирустар тудырады. Ал антибиотиктер вирустарға әсер етпейді.

Қазақстандықтар антибиотикті қаншалықты көп қабылдайды?

2024 жылы Antibiotics ғылыми журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, Қазақстанда антибиотиктерді тұтыну көлемі 2020 жылы ең жоғары деңгейге жетіп, кейінгі жылдары төмендеген. Дегенмен бактериялардың дәріге төзімділігін арттыру қаупі жоғары антибиотиктер әлі де жиі қолданылады.

Фото: Nazarbayev University

Зерттеу авторларының бірі, Nazarbayev University Медицина мектебінің ассистент-профессоры, медицина ғылымдарының кандидаты Юлия Семенованың айтуынша, Қазақстанда антибиотиктерді тұтыну деңгейі Еуропадағы орташа көрсеткішке шамалас.

– Скандинавия елдері антибиотиктерді орынды қолдану бойынша әлемде көш бастап тұр. Бұл елдерде антибиотиктер аз қолданылады. Ал Оңтүстік Еуропада, мәселен, Италия, Испания мен Балқан елдерінде бұл дәрілерді тұтыну деңгейі Қазақстанға қарағанда әлдеқайда жоғары. Дегенмен біз әлемдегі озық тәжірибеге сүйенуіміз керек, – деді ғалым.

Оның сөзінше, антибиотиктердің қаншалықты көп қолданылуымен қатар, қандай препараттардың таңдалатыны да маңызды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы антибиотиктерді үш топқа бөледі: Access, Watch және Reserve. Бірінші топтағы дәрілер кең таралған инфекцияларды емдеуге ұсынылады. Екінші топтағы препараттарды қолдану ерекше бақылауды қажет етеді. Ал үшінші топтағы антибиотиктер бірнеше дәріге төзімді бактериялар тудырған инфекцияларды емдеуге арналған.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда Watch тобына жататын антибиотиктердің үлесі жоғары.

Мұндай жағдай әлемде де байқалады. ДДҰ дерегінше, 2022 жылы әлемде қолданылған антибиотиктердің шамамен 45 пайызы Watch тобына тиесілі болса, 53 пайызы Access тобындағы препараттарға тиесілі болған.

2030 жылға қарай әлемде Access тобындағы антибиотиктердің үлесін кемінде 70 пайызға жеткізу көзделген. Бұл дәрілерге бактериялардың төзімді болу қаупі салыстырмалы түрде төмен.

Демек, антибиотикке төзімділіктің таралуын тежеу үшін дәріні қажетсіз қабылдамау ғана емес, инфекцияға қарсы тиімді препаратты дұрыс таңдау да маңызды.

Антибиотиктерді неге орынсыз қолданамыз?

Nazarbayev University ғалымдары Қазақстанда антибиотиктерді қолдану тәжірибесін зерттеген. Олар тұрғындар мен дәрігерлер арасында сауалнама өткізіп, дәріханалардағы жағдайды да зерделеген.

Юлия Семенованың айтуынша, зерттеу нәтижесінде тұрғындардың антибиотикті қандай ауру кезінде қабылдау керегін біле бермейтіні анықталған. Мәселен, сауалнамаға қатысқандардың 40 пайызы антибиотик бел ауырғанда көмектеседі деп жауап берген. Кейбірі бас ауырғанда осы дәріні қабылдауға болады деп есептеген. Суық тигенде антибиотик ішу керек деген түсінік те кең таралған.

Ғалымның сөзінше, кей тұрғындар дәрігерге қаралмай, дәріхана қызметкерінің кеңесіне сүйеніп, антибиотик сатып алады. Енді бірі дәрігерден антибиотик тағайындауды талап етеді. Алайда бұл дәрілерді өз бетінше қабылдаудың қаупі бар.

– Антибиотиктердің пайдасын ғана ойлап, жағымсыз әсерлері барын ескере бермейміз. Кейбір препараттар жүйке жүйесіне кері әсер етуі мүмкін. Әр антибиотиктің пайдасы мен қаупін дәрігер бағалауы қажет. Сондықтан бұл дәрілерді өз бетінше қабылдауға немесе жақындарына ұсынуға болмайды, – деді Юлия Семенова.

Коллаж: Kazinform / DALL-E

Балалар ауырған кезде де ата-аналар антибиотикке жүгінуге асығуы мүмкін. Әсіресе баланың қызуы бірнеше күн түспесе немесе жөтелі басылмаса, антибиотик беру керек деген ой туындайды.

Дариға Жазықбаеваның айтуынша, баланың жиі ауыруы әр жолы антибиотик қабылдау қажет дегенді білдірмейді.

– Балалардың жылына төрт-бес рет жіті респираторлық вирустық инфекциямен ауыруы қалыпты жағдай саналады. Бала өсіп келе жатқанда оның ағзасы түрлі вирустармен, бактериялармен кездеседі. Әрине, ауырған баланы дәрігерге көрсету, оның нұсқауын орындау қажет. Ал егер балаға әр ауырған сайын антибиотик тағайындала берсе, басқа дәрігердің де пікірін алған жөн, – деді зерттеуші.

Маман антибиотик шынымен қажет болған жағдайда, мысалы, бактериялық пневмония кезінде дәрігер тағайындаған емнен бас тартуға болмайтынын атап өтті.

Антибиотиктерді рецептсіз сатуға тыйым салынғанымен, заң бұзушылық азаймай отыр

Тұрғындардың антибиотикті өз бетінше қабылдауына оны дәріханадан рецептсіз сатып алу мүмкіндігі де әсер етеді.

Nazarbayev University ғалымдары дәріханаларда осы мәселені арнайы зерттеген. Нәтижесінде дәрігердің рецептісінсіз антибиотик сатып алуға болатын жағдайлар анықталған.

Қазақстанда антибиотиктерді рецептсіз сатуға тыйым салынған. Алайда Денсаулық сақтау министрлігінің 17 қарашада жариялаған мәліметінше, биыл жыл басынан бері осы талапты бұзғандарға қатысты 38 әкімшілік хаттама толтырылған. Айыппұлдардың жалпы сомасы 8,2 млн теңгеден асқан.

Осылайша, 2023–2025 жылдары антибиотиктерді рецептісіз сатуға байланысты толтырылған хаттамалар саны екі еседен астам өскен. Дегенмен бұл көрсеткіштер анықталған заң бұзушылықтарды ғана қамтиды. Олардың көбеюіне бақылаудың күшеюі де әсер етуі мүмкін. Министрліктің мәліметінше, рецептісіз сатуға жиі әрекет жасалатын антибиотиктердің қатарында азитромицин, цефтриаксон, цефазолин және ципрофлоксацин бар. Осыған байланысты ведомство жоғары тәуекел тобына жататын дәрілік заттарға міндетті электрондық рецепт енгізу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл жүйені дәрілік заттарды цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесімен біріктіру көзделген. Алайда дәріханалардағы бақылауды күшейту мәселенің бір бөлігін ғана шешеді. Антибиотиктің қандай жағдайда қажет екенін тұрғындар да түсінуі керек.

Антибиотиктер әсер етпей қалса, оның салдары қандай?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2023 жылы әлемде зертханалық жолмен расталған кең таралған бактериялық инфекциялардың әрбір алтыншы жағдайында антибиотикке төзімділік анықталған.

Мұның салдары қаншалықты ауыр екенін өлім-жітім көрсеткішінен де байқауға болады. 2024 жылы The Lancet ғылыми журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, 2021 жылы әлемде дәріге төзімді бактериялар тудырған инфекциялармен байланысты 4,71 млн адам қайтыс болған. Соның ішінде 1,14 млн адамның өліміне бактериялардың дәріге төзімділігі тікелей себеп болған.

Антибиотиктердің тиімділігі төмендеген сайын хирургиялық операция жасау, ағза алмастыру және қатерлі ісікке шалдыққан науқастарды емдеу кезінде де қауіп артады. Себебі мұндай жағдайда бактериялық инфекциялардың алдын алу, оларды дер кезінде емдеу маңызды.

Антибиотикке төзімділік экономикаға да әсер етеді. Мәселен, дәрігер тағайындаған антибиотик инфекция қоздырғышына әсер етпесе, қосымша талдау жүргізіп, басқа дәрі таңдауға тура келеді. Кей жағдайда науқас ауруханада ұзағырақ жатады, қымбат дәрілерге мұқтаж болады. Бұл емдеу шығындарын көбейтеді. Ал ұзақ уақыт жұмысқа шыға алмаған адамның табысы азаюы мүмкін.

ДДҰ-ның болжамынша, қазіргі жағдай өзгермесе, 2035 жылға қарай дәріге төзімді бактериялар тудырған инфекцияларды емдеуге жұмсалатын әлемдік шығын жылына 412 млрд долларға жетуі мүмкін. Ал еңбек өнімділігінің төмендеуінен келетін шығын 443 млрд долларды құрауы ықтимал.

Дүниежүзілік банктің болжамына сәйкес, бұл мәселе шешілмесе, 2050 жылға қарай әлемдік жалпы ішкі өнім болжамды деңгейінен 3,8 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Осылайша антибиотиктердің тиімділігін сақтау адам денсаулығы үшін ғана емес, елдердің экономикалық дамуы үшін де маңызды.

Антибиотикке төзімділікпен күресу неге дәрігерлердің ғана міндеті емес?

Биыл микробқа қарсы препараттарға төзімділік туралы дүниежүзілік ақпараттандыру апталығы «Біртұтас денсаулық, ортақ әрекет: дәріге төзімділіктің алдын алайық» деген ұранмен өтіп жатыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адам, жануарлар және қоршаған орта саулығының өзара байланысына назар аударып отыр. Өйткені дәріге төзімді бактериялардың пайда болуы мен таралуына антибиотиктердің медицинада ғана емес, ауыл шаруашылығында қалай қолданылатыны да әсер етеді.

Nazarbayev University резиденті Жадыра Мұстафа бұл мәселені адам денсаулығымен ғана байланыстыру дұрыс емес екенін айтады.

– Біз бұл әлемде жалғыз өмір сүрмейміз. Айналамызда жануарлар, өсімдіктер бар. Олардың барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Сондықтан антибиотикке төзімділіктің пайда болуына қоршаған ортадағы өзгерістер де әсер етеді, – деді ол.

Маманның түсіндіруінше, мал шаруашылығында антибиотиктерді орынсыз қолдану дәріге төзімді бактериялардың көбеюіне жағдай жасайды. Мұндай бактериялар жануарлардан адамға тікелей немесе азық-түлік арқылы таралуы мүмкін.

Фото: pixabay

Антибиотик қалдықтарының қоршаған ортаға түсуі де қауіп төндіреді. Мәселен, дәрі қалдықтары топыраққа немесе суға түссе, ондағы бактериялардың антибиотикке төзімді болуына ықпал етуі мүмкін.

– Бұл мәселені шешу үшін медицина саласымен шектелмей, ветеринария, ауыл шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау салаларында да бақылау жүргізу қажет, – деді Жадыра Мұстафа.

Ғылымда мұндай тәсіл One Health, яғни «Біртұтас денсаулық» тұжырымдамасы деп аталады. Оның негізінде адам, жануарлар, өсімдіктер және қоршаған орта саулығын бір-бірінен бөліп қарамай, ортақ мәселелерді бірлесіп шешу көзделген.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда антибиотикке төзімділікпен күрес аясында осы бағытта да жұмыс жүргізіліп жатыр.

Қазақстанда антибиотикке төзімділікті азайту үшін не істеліп жатыр?

Қазақстанда микробқа қарсы препараттарға төзімділікті тежеу жөніндегі 2023–2027 жылдарға арналған жол картасы іске асырылып жатыр. Оның аясында зертханалық диагностиканы жетілдіруге, антибиотиктерді орынды қолдануға және инфекциялардың алдын алуға көңіл бөлінген.

Денсаулық сақтау министрлігі Kazinform сауалына берген жауабында елімізде антибиотикке төзімділікті бақылау жүйесіне 26 зертхана тартылғанын хабарлады.

Бұл зертханалар инфекция қоздырғыштарын және олардың қандай антибиотиктерге төзімді екенін анықтайды. Ауыр инфекциялар мен сепсис кезінде бактериологиялық зерттеу нәтижелері науқасқа тиімді ем таңдауға көмектеседі. Министрліктің мәліметінше, медициналық ұйымдарда антибиотиктердің дұрыс тағайындалуы клиникалық хаттамалар, микробиологиялық зерттеулер, клиникалық фармакологтердің жұмысы және ішкі бақылау арқылы қадағаланады.

Дегенмен ғалымдар антибиотиктерді орынды қолдану үшін дәрігердің медициналық білімі ғана жеткіліксіз екенін айтады.

Nazarbayev University ғалымдары дәрігерлерге антибиотиктерді дұрыс тағайындауға көмектесетін бірнеше әдісті зерделеген. Соның бірі – науқаспен дұрыс сөйлесе білу. Мәселен, науқас жұмысқа тезірек оралу үшін антибиотик жазып беруді сұрауы мүмкін. Мұндай жағдайда дәрігер оған антибиотиктің неге қажет емес екенін түсіндіре білуі керек.

Ғалымдар дәрігерлерге шешім қабылдауға көмектесетін компьютерлік бағдарламаларды қолдануды да ұсынады. Мұндай бағдарламалар науқастың шағымдары мен талдау нәтижелерін ескеріп, антибиотик тағайындау қажет пе, жоқ па деген сұраққа жауап табуға көмектеседі.

Юлия Семенованың айтуынша, университет ғалымдары енді зерттеу нәтижелерін тәжірибеде қолдануды көздеп отыр. Әсіресе емханаларда антибиотиктерді дұрыс тағайындау маңызды. Себебі антибиотиктердің үштен екісі амбулаториялық деңгейде қолданылады.

Бұл бағытқа Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да назар аударып отыр. Ұйымның 2026 жылғы қаңтарда жариялаған есебінде Қазақстанда алғашқы медициналық көмек деңгейінде антибиотиктердің қолданылуын бақылауды жетілдіру, ақпараттық жүйелерді дамыту және медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру ұсынылған.

Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігі антибиотиктердің рецептсіз сатылуын бақылауды күшейтуді, зертханалардың жұмысын жетілдіруді және медицина мамандарына микробқа қарсы препараттарға төзімділік жөнінде білім беруді көздеп отыр.

Мамандар антибиотиктерден бас тартуға шақырмайды. Бұл дәрілер көптеген бактериялық инфекцияны емдеуде әлі де адам өмірін сақтап келеді. Бастысы – антибиотиктерді қажет болған жағдайда ғана, дәрігердің тағайындауымен қабылдау. Оларды орынды қолдану дәрілердің тиімділігін ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік береді.