Бактерияға қарсы сабын сатуға тыйым салынды

АСТАНА. ҚазАқпарат -АҚШ-тың Миннесота штатында бактерияға қарсы триклозан препараты қосылған барлық тұтынушылық тауарларды өндіру мен сатуға тыйым салынды. Штат губернаторы Марк Дэйтон бекіткен осы заң 2017 жылдан бастап күшіне енеді.

АҚШ аумағында саудаланатын гигиеналық заттардың шамамен 75 пайызына триклозан қосылады екен. Ол сабынның, тіс пастасының, майлықтардың құрамында бар. Соңғы зерттеулерге қарағанда, триклозан адамның ағзасына кері әсер етеді. Жануарларға жасалған зерттеулер барысында аталған зат бұлшық еттердің қысқару қабілеттілігін әлсірететіні, оның ішінде жүректің де бұлшық етіне кері әсерін тигізетіні анықталды. Сонымен қатар триклозан репродуктивті жүйеге зиян келтіріп, ұрықтардың санын қысқартатыны, сондай-ақ гормондардың бөлінуін бұзатындығы белгілі болды.