Бақтияр Артаев Головкиннің бүгінгі жекпе-жегіне болжам жасады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Геннадий Головкиннің жекпе-жегі алдында Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев «Qazsport» телеарнасында өз ойларымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сауль «Канело» Альвареспен болған арасындағы соңғы жекпе-жекті Геннадий Головкиннің тарихындағы ең қызықты кездесу деп бағаласа болады. Танымал әрі нағыз бабындағы боксшымен бірінші рет кездесті. Осы сөзді айтып жатқан кезде көп жанкүйерлер менімен келісетін шығар. Бұл жекпе-жек тең аяқталды. Десек те бұл бокстың қызық жағы - ол қаржы, бизнес. Менің жеке пікіріме тоқталсам, екінші кездесудің қызық болуы үшін жасалған қадам болуы мүмкін. Бұл жекпе-жектің айналасындағы барлық мәселелер екінші жекпе-жекті қыздыру алдындағы кішігірім шоу болған шығар деген ойдамын. Бірінші кездесуді барлығымыз көрдік, расында да тең аяқталатындай деңгейде өтті», - деп тоқталды Бақтияр Артаев.

Олимпиада чемпионының пайымынша, Головкиннің Альвареспен болуы мүмкін екінші кездесуі қауіпті болуы ықтимал. Қазіргі кезде «Канелоның» өрісі кеңейіп, тәжірибесі молайып келе жатыр.

Сонымен қатар ол Генаның британдық боксшы Билли Джо Сондерспен жекпе-жекке шыққаны тиімдірек екенін айта келе: «Өйткені Сондерс те танымал боксшы, екінші жағынан ол үнемі Головинге шақырту беріп жатыр. Сондықтан таңдау Сондерске түсетін шығар деп ойлаймын», - деді ол.

Айта кетейік, бүгін Геннадий Головкин (37-0-1, 33 КО) мен Ванес Мартиросянның (36-3-1, 21 КО) жекпе-жегі өтеді.

«Жеке пікірімді айтатын болсам, Гена жекпе-жек басталысымен алға қарай жүреді. Ванес Мартиросян екінші нөмірлі боксшы болып ойнап, қашқалақтап жүреді. Бұл кездесудің нәтижесі 5-6 раундтың арасында шешіліп қалуы мүмкін», - деді Бақтияр Артаев.

Бұған дейін хабарланғандай, қазақстандық былғары қолғап шебері Геннадий мен допинг дауына іліккен мексикалық Сауль «Канело» Альварес (49-1-2, 34 КО) арасындағы биылғы мамырға белгіленген реванштың болмайтындығы белгілі болды.