Баку-Тбилиси-Карс темір жол құрылысына Қазақстандық бизнес өкілдері де мүдделі - Д. Гурбанов
«Бұл - Әзербайжан мемлекеті қатты назар аударып отырған маңызды жобаларының бірі. Екі ел арасындағы экономикалық қатынастарға көп көңіл бөлініп келеді. Бұл жолдың ашылуы аймақтағы сауданың дамуына зор серпін бермек. Бұл жобаның іске асуына қазақстандық бизнес өкілдері де мүдделі. Өйткені, Қазақстан секілді теңізге шығатын жолы жоқ елге Кавказ бағыты үлкен қолдау», - деді ол.
Джавид Гурбановтың айтуынша, Әзербайжан тарапы Қазақстанда шығарылатын локомотивтерге қызығушылық танытып отыр. Өткен жылы Әзербайжан мен «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС арасында 50 электровоз жеткізу жөніндегі келісімге қол қойылды. «Қазіргі таңда тепловоз сатып алуды көздеп отырмыз. Бастапқыда бізге кем дегенде он дана тепловоз қажет», - деді Д.Гурбанов. «Қазақстанда көлік саласындағы бірқатар ірі құрылыс жобалары жүзеге асырылуда. Оның ішінде «Қорғас-Шығыс қақпасы» Арнайы экономикалық аймағы инфрақұрылымы құрылысын жүргізуге көңіл бөлінген. Біз осы аймақ арқылы контейнерлік тасымалдың дамуына мүдделіміз. Себебі, тек мұнай секторына ғана тәуелді болғанымызды дұрыс деп санамаймыз. Қытайдан Еуропаға қарай темір жол арқылы өтетін ең қолайлы жол Қазақстан мен Әзербайжан елдері арқылы өтеді. Біз мұны дамытуға ынталымыз», деп сөзін қорытындылаған Д.Гурбанов.