Баку-Тбилиси-Жейхан құбыры арқылы Қазақстан мұнайының экспортын арттыра аламыз – Әзербайжан вице-министрі

АСТАНА. KAZINFORM – Әзербайжан энергетика министрінің орынбасары Орхан Зейналов Орталық Азия елдері және Әзербайжан энергетика министрлерінің кездесуінде өз елінің өңірдің энергетика нарығындағы орны туралы пайымын айтты.

Фото: Агибай Аяпбергенов / Kazinform

«Былтырғы наурыз айында Қазақстан мұнайын Баку-Тбилиси-Жейхан құбыры арқылы тасымалдау қайта жанданды. Бұл әріптестіктің жағымды динамикасы келешекте мұнай тасымалының деңгейін арттыруға жол ашады. Энергетикалық ықпалдастықты арттыру үшін Қазақстан және Әзербайжан үкіметтерінің арасында энергетика саласындағы стратегиялық келісімнің жобасы әзірленді. Бұл құжатқа қол қою арадағы қарым-қатынасты стратегиялық деңгейге көтеретініне сенімдімін», - деді әзербайжандық вице-министр.

Фото: Агибай Аяпбергенов / Kazinform

Сондай-ақ, ол Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан энергия жүйелерін біріктіру арқылы Орталық Азиядан Еуропаға жасыл энергия экспорттау жобасы жақсы басталғанын атап өтті. 

«Тараптар жобаны жүзеге асырудың техникалық экономикалық негіздемесін әзірлеу туралы техникалық тапсырманы бекітті. Бірлескен жұмыс тобы Бакуде ұлттық компаниялардың үлесі бар бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге келді. Ал Италияның «CESI» атты консалтинг компаниясы жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін жасайтын болды.

Сондай-ақ, Әзербайжан, Қазақстан, Өзбекстан үкіметтерінің арасында жасыл энергия беру және дамыту саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісім мәтіні мақұлданды. Бұл құжатқа қол қою жобаның табысты іске асуына қамтамасыз етеді.

Әзербайжан арқылы өтетін осы және өзге де экспорт дәліздері жасыл энергияны Орталық Азиядан Еуропаға берудің келешек мүмкіндіктерін кеңейтеді. Бұл дәліздерге жол табу арқылы Орталық Азия елдері электр қуатының ресурстарын экспорттау нарығын әртараптандыруға мүмкіндік алады», - деді Орхан Зейналов.