Бакуде Ақтау паромына жөнелтілетін тауары бар жүздеген жүк көлігі жиналып қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылы 12 желтоқсанда «Алят» теңіз портында (Әзербайжан) Ақтау портына аттанатын паромдарға тиеуді күтіп тұрған жүк көліктері (175 көлік) жиналып қалды.

Бұған өткен аптада Каспийдегі ауа райының қолайсыздығы салдарынан Бакуден шығатын паромдық бағыттарды уақытша тоқтату шешімі себеп болды.

Әзербайжан Каспий теңізі пароход жүргізу (КАСПАР) өкілінің және «Алят» порты кедендік бекетінің ақпаратынша, Түркиядан шыққан жүк Ресей шекарасы арқылы өте алмағандықтан, жүк көліктері жиналып қалған. Осыған байланысты көліктер Түркия-Грузия-Әзербайжан-Қазақстан бағыты бойынша жүріп жатыр.

Жүк көліктерді кедендік рәсімдеуден өткізу штаттық режімде жүзеге асырылуда. Гуманитарлық жүкті, сонымен қатар тез бұзылатын азық-түлік алдымен жөнелтілуде.