Бакуде Дүниежүзілік қалалар форумының 13-сессиясы басталды

АСТАНА. KAZINFORM – Әзербайжан астанасы Баку қаласында World Urban Forum 13 Дүниежүзілік қалалар форумының 13-сессиясы (WUF13) басталды. Форумды БҰҰ-ның Халықты қоныстандыру бағдарламасы ұйымдастырды. Бұл туралы Анадолу жазды.

Фото: Анадолу

Баку Олимпиада стадионында ұйымдастырылған алаңдарда өтіп жатқан WUF13 форумы Әзербайжан үкіметі мен БҰҰ-ның Халықты қоныстандыру бағдарламасы бірлескен күш-жігерімен ұйымдастырылды.

Форум Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Әзербайжан туларын көтеру рәсімімен ашылды. Оған Анаклаудия Россбах пен Әзербайжанның Қала құрылысы және сәулет жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Анар Гулиев қатысты.

Фото: Анадолу

Форумға қатысу үшін 182 елден 40 мыңнан астам адам тіркелген. Оған мемлекеттік қызметкерлер, муниципалитет өкілдері, қала жоспарлаушылары, академиялық орта өкілдері, жеке сектор мен үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері қатысып жатыр. Форум барысында тұрақты урбанизация, тұрғын үй дағдарысы, климатқа төзімділік және қалалардың болашағы мәселелері талқыланады.

WUF13 «Әлемді баспанамен қамту: қауіпсіз әрі тұрақты қалалар мен қауымдастықтар» ұранымен өтіп жатыр. Форумда жаһандық тұрғын үй мәселелерін шешу жолдары мен инклюзивті урбанизация саясаты қарастырылады.

Форум аясында министрлер кездесулері, жоғары деңгейдегі сессиялар, панельдік пікірталастар мен көрмелер өтеді.

Көрме аймағында Түркияның Қоршаған орта, қала құрылысы және климаттың өзгеруі министрлігі-нің стенді де қойылған.

Ресми ашылуы ертең өтетін стендте келушілерге Түркияның 2023 жылғы жер сілкіністерінен кейін жүргізіп жатқан ауқымды қалпына келтіру жұмыстары туралы ақпарат ұсынылады.

Көрме барысында климатқа төзімді және тұрақты қала құрылысы қағидаттарына сәйкес үш жыл ішінде салынған 455 мың тұрғын үй құрылысы жобасы жөнінде мәлімет беріледі. Сондай-ақ халықаралық қатысушылар Түркияның табиғи апаттарды басқару және тұрақты қалалық даму саласындағы тәжірибесімен танысады.

Форумның ресми ашылуы бүгін президент Ильхам Әлиевтің қатысуымен өтеді. Форум 22 мамырға дейін жалғасады.

Дүниежүзілік қалалар форумы

World Urban Forum 2001 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан жедел урбанизация мәселелері мен оның қоғамдарға, қалаларға, елдерге, климаттың өзгеруіне және саяси стратегияларға әсерін талқылау үшін құрылған.

Форум алғаш рет 2002 жылы Кения астанасы Найробиде өткен және содан бері әлемнің түрлі қалаларында ұйымдастырылып келеді.

БҰҰ-ның Халықты қоныстандыру бағдарламасы ұйымдастыратын форум тұрақты урбанизация мәселелерін шешу жолдарын іздеуге арналған жоғары деңгейдегі ең ашық әрі инклюзивті алаңдардың бірі саналады.