Шараға Қазақстанның достары Клубының мүшелері, Г.Алиев атындағы «Әзербайжан-Қазақстан» республикалық достық қоғамының активі, елдегі қоғамдық-саяси, ғылым және мәдениет саласының майталмандары сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында сөз сөйлеген Қазақстан елшісі Бейбіт Исабаев шараға келушілерді кітаптың мазмұнымен таныстырып, Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдарда қол жеткізген негізгі 33 нәтижесі туралы осы кітапта айтылатынын жеткізді.
Дипломат кітаптағы Қазақстанның Түркі әлемі елдерімен бірлесе атқарған жұмыстары, оның ішінде Әзербайжан мен жүргізілген екіжақты қарым-қатынастар туралы тарауға тоқталып өтті.
Қонақтар «Тәуелсіздік дәуірі» кітабын жаңа замандағы саясаттану тұрғысынан жоғары бағалады.
Г. Алиев атындағы «Әзербайжан-Қазақстан» республикалық достық қоғамының президенті, профессор Эльдар Гюнайдың айтуынша, Қазақстан Президентінің бұл еңбегі ел тағдырына бей-жай қарай алмайтын кез келген адамның қалта кітабына айналуы керек. Себебі бұл кітапта өткенге баға беріліп, бүгінгі күн мен алдағы 50 жылдық дамудың тұжырымдамасы айқын көрсетілген.
Бакудегі славян университетінің профессоры Низами Мамедов-Тагисойдың айтуынша, Қазақстан Президентінің бұл еңбегі түркі халықтарының бәріне қажет ортақ кітап болмақ.