Бакудегі жарыс күні таңертең «Формула-2» бәсекелерімен басталды. Сағат 12:30–да «Формула-1» жүйріктері алғашқы еркін жаттығуға шығады. Бұдан кейін «Формула-2» додасында екі іріктеу кезеңі өтеді. Бірінші күннің жарыс бағдарламасы Формула-1 жүргізушілерінің екінші еркін жаттығуымен аяқталады.
25 қыркүйек, жұма күні «Формула-1» жүргізушілері кезекті еркін жаттығуға қатысады. Ал «Формула-2» додасында спринттік жарыс өтеді. Әзербайжан Гран-приінің басты жарысы 26 қыркүйек, сенбі күні ұйымдастырылады.
Бакуде өтіп жатқан оныншы кезеңге 10 командадан 20 жүргізуші қатысады. Олардың қатарында Льюис Хэмилтон, Джордж Расселл, Макс Ферстаппен, Шарль Леклер секілді чемпионаттың белді өкілдері бар.
Баку қалалық айналма трассасының ұзындығы шамамен 6 шақырым, жарыс жолында 20 бұрылыс бар. Трасса елорданың орталық бөлігін кесіп өтіп, тарихи Ичери-Шехерді айналып, Каспий жағалауына дейін жетеді. Трассаның ең тар бөліктері 7,6 метрді құрайды.
Бакудегі жарыс жолы ұзын әрі жылдам түзу бөліктері мен қаланың тарихи бөлігіндегі тар бұрылыстардың үйлесімімен ерекшеленеді. Жарыс кезінде көрермендер Ичери-Шехердің көрінісін, елорданың заманауи сәулет нысандарын және Каспий теңізінің панорамасын тамашалай алады.
Биыл Баку қалалық айналма трассасында жаңа City трибунасы бой көтерді. Әзербайжан мемлекеттік академиялық музыкалық театрының қарсы бетінде орналасқан нысан 678 көрерменді қабылдай алады. Жаңа трибуна ашылған соң, трассадағы көрермен орындарының жалпы саны 21 мыңнан асты.
Әзербайжан «Формула-1» жарыстарын 2016 жылдан бері өткізіп келеді. Бакудегі алғашқы жарыс Еуропа Гран-приі атауымен өтіп, Нико Росбергтің жеңісімен аяқталды. Кейінгі жылдары Бакуде Даниэль Риккардо, Льюис Хэмилтон, Валттери Боттас, Серхио Перес, Макс Ферстаппен және Оскар Пиастри жеңімпаз атанды.
2020 жылы пандемияға байланысты Әзербайжан Гран-приі өткізілген жоқ.
Бұған дейін Әзербайжан астанасының «Формула-1» Гран-приіне дайындығы туралы хабарлаған едік.