Бакуде Формула-1 бойынша Әзербайжанның тоғызыншы Гран-приі басталды
АСТАНА. KAZINFORM – Бакуде Формула-1 бойынша 2025 жылғы Әзербайжан Гран-приі басталды. Бұл қала тоғызыншы рет әлемдік додаға төрін ұсынып отыр, деп хабарлайды агенттіктің меншікті тілшісі.
Жарыс апталығы Формула-2 додасымен және Формула-1-дің алғашқы еркін жаттығуларымен басталды. Алғашқы кезеңде Формула-2 жарысында америкалық пилот Джек Кроуфорд (DAMS) бірінші болып мәреге жетті. Одан кейінгі орындарды Invista командасының итальялық спортшысы Леонардо Форнароли мен Prema Racing өкілі Габриэле Мини бөлісті.
Ұзындығы 6 шақырымды құрайтын Бакудің қалалық сақинасы Формула-1 күнтізбесіндегі ең ұзын әрі күрделі трассалардың бірі саналады. Пилоттар мұнда 51 айналым жасап, 20 бұрылыстан өтеді. Олардың қатарында әйгілі Ичеришехер ауданындағы тар өткелдер бар, мұнда жолдың ені небәрі 7,6 метрге дейін қысқарады. Трасса жобасын белгілі неміс сәулетшісі Герман Тильке әзірлеген.
Жарыстың бастау және мәреге жету аймағы «Азадлыг» алаңында орналасқан. Мұнда командалардың бокс аймағы, пит-лейн және «Паддок Клуб» орналасқан. Трасса Үкімет үйінің жанынан, ЮНЕСКО дүниежүзілік мұрасына енген тарихи Ичеришехер арқылы өтіп, Каспий теңізі жағалауы бойымен жалғасады.
Биыл 10 командадан 20 пилот, соның ішінде әлемдік автоспорт жұлдыздары Льюис Хэмилтон, Фернандо Алонсо, Макс Ферстаппен, Шарль Леклер сынды спортшылар бақ сынайды.
Бағдарламаға бүгінгі еркін жарыстар мен іріктеу кезеңдері, сенбі күнгі екінші еркін жаттығу және Формула-2 спринт-гонкасы енген. Ал басты бәйге – 21 қыркүйекте өтетін жарыс Әзербайжан кезеңінің жеңімпазын анықтайды.
Айта кетейік, Баку Гран-приі алғаш рет 2016 жылы өтті. Сол жылы жарыс «Еуропа Гран-приі» атауымен өтіп, неміс спортшысы Нико Росберг жеңімпаз атанған болатын. Кейінгі жылдары Даниэль Риккардо, Льюис Хэмилтон, Валттери Боттас, Серхио Перес, Макс Ферстаппен және Оскар Пиастри секілді атақты спортшылар Бакуде топ жарды. Тек 2020 жылы пандемияға байланысты жарыс ұйымдастырылған жоқ.
Миллиондаған көрермен мен он мыңдаған жанкүйер бұл жолы да спорт, тарих пен заманауи сәулет тоғысқан ауқымды шараның куәсі болады.
Бұған дейін Әзербайжан билігі Гран-при қонақтарына және жарысқа қатысушыларға арналған визалық режимді жеңілдеткен болатын.