21:32, 03 Сәуір 2009
Бакуде Каспий жағалауы елдері көлік министрлерінің кездесуі өтті
БАКУ. Сәуірдің 3-і. ҚазАқпарат /Арнұр Мұхаметкәрім/ - Кеше Бакуде Қазақстан, Әзірбайжан, Ресей және Түрікменстан делегацияларының қатысуымен Каспий жағалауы мемлекеттері көлік министрлерінің алғашқы кездесуі болып өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Осы кездесуге Қазақстан жағынан Көлік және коммуникация министрі Ә.Құсайынов және осы ведомствоның Көлік және жол қатынастары комитетінің төрағасы Б.Уандықов қатысты.Аталған шара барысында министрлер көлік, көлік байланысының даму келешегі, сондай-ақ «Еуропа-Кавказ-Азия» (ТРАСЕКА) және «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін кеңейту саласындағы Каспий жағалауы елдерінің ынтымақтастығы мәселелерін талқылады.Сапар ауқымында ҚР Көлік және коммуникация министрі Ә.Құсайыновты, сондай-ақ Ресей мен Түрікменстанның көлік министрлерін Әзірбайжан Президенті И.Әлиев қабылдады.Кездесуде Әзірбайжан басшысы министрлер кездесуі Каспий жағалауы елдерінің ынтымақтастығын одан әрі кеңейте түсуіне ықпал ететініне сенімді екендігін жеткізді.