Бакуде қазақтың ұлт-азаттық күресі жолында құрбан болған көрнекті тұлғаларына арналған кітап жарық көрді

АЛМАТЫ. 18 шілде. ҚазАқпарат - Бакуде Әзербайжан Республикасы ҰҒА Фольклор институтының Халықаралық қатынастар бөлімінің меңгерушісі,

филология ғылымдарының докторы Али Шамилоғлының «Түркі жұртының құрбандары. Қазақстан» деп аталатын кітабы жарық көрді. Белгілі ғалым бұл еңбегін ұлт-азаттық күресі жолында құрбан болған қазақтың көрнекті тұлғаларына арнаған. Туындыға Шоқан Уәлиханов, Кенесары Қасымұлы, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатұлы, Нәзір Төреқұлов, Санжар Аспандияров, Оспан батыр бастаған бірқатар көрнекті тұлғалардың өмірбаяны мен шығармашылығы арқау болған.

Жақында Қазақстанға іссапармен келіп қайтқан ол М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қонақта болып, екі елдің әдебиеті саласында ортақ жұмыстар атқаруы туралы уағдаласқан болатын. Сондай-ақ Алматы облысының Талғар қаласында қуғын-сүргін құрбаны болған Ақысқа түріктерінің баба ақыны Қаста Хасан туралы «Ақысқалық Қаста Хасан» деп аталатын кітабының тұсаукесерін өткізген еді. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкері Ақеділ Тойшанұлының айтуынша, таныстырылым кезінде Ақысқа түріктерінің ақ патша заманынан бастау алып кеңестік дәуірде сталиндік қуғын-сүргінге ұласқан зобалаңның әлем тарихында кездесетін қызыл қырғын, сары сүргіннің елеулісі екені сөз болған.