Бакуде ҚР СІМ мен Астана әуежайы марапатталды
Шараға Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) аймақтық бюросының (Солтүстік Атлантика/Еуропа) директоры Луис Фонсека де Алмейда, Авиация және әуе кеңістігін пайдалану бойынша мемлекетаралық кеңестің және ИКАО-ның өзге де жоғары лауазымды өкілдері, сыртқы істер және көлік министрліктерінің басшылары және тағы басқалар қатысты.
Қазақстан атынан шараға Әзербайжандағы ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Исабаев пен «Қазаэронавигация» РМК бас директоры Азат Бектұров қатысты.
Қазақстандық тараптың азаматтық авиация саласындағы барлық халықаралық және аймақтық серіктестермен ынтымақтасуға белсенділік танытқаны, сонымен қатар бұл саланың елде қарқынды дамып келе жатқаны үшін ҚР Сыртқы істер министрлігі «Азаматтық авиацияны дипломатиялық және халықаралық-құқықтық қолдауы үшін» аталымында марапатқа ие болды.
Сонымен қатар, халықаралық әуежайларды дамытуға қосқан үлесі үшін «Астана халықаралық әуежайы» АҚ марапатталды.