Бакуде «Мәдениеттер диалогы: Қазақстан – Әзербайжан» көрмесі ашылды

АСТАНА.KAZINFORM - Баку қаласындағы Әзербайжан ұлттық өнер музейінде Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейі қорындағы туындылардан құралған «Мәдениеттер диалогы: Қазақстан – Әзербайжан» халықаралық көрмесінің ашылу рәсімі өтті.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Экспозицияда қазақстандық суретшілердің әр буынының шығармашылығын танытатын 30-ға жуық кескіндеме туындысы қойылған. Көрме отандық бейнелеу өнерінің даму жолын, тарихи сабақтастықты, адам мен табиғат арасындағы байланысты, түркі дүниесіне ортақ мәдени ерекшеліктерді танытуға бағытталған.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Экспозицияда Әбілхан Қастеев, Молдахмет Кенбаев, Қанафия Телжанов, Нұрбек Таңсықбаев, Мария Лизогуб, Айша Ғалымбаева, Сабыр Мәмбеев, Салихитдин Айтбаев, Шаймардан Сариев және өзге де қазақстандық қылқалам шеберлерінің туындылары ұсынылған.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Пейзаж, натюрморт және тақырыптық картиналарда Қазақстан табиғаты, халықтың тұрмыс-тіршілігі, ұлттық болмыс пен адамның рухани әлемі көрініс тапқан. Көрмеге Әбілхан Қастеевтің «Медеу», сондай-ақ, Айша Ғалымбаеваның қазақы тұрмыстың шынайы болмысын айқын көрсететін «Апорт», «Дәмді шай» және «Қырықтықшылар» туындылары қойылған.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Әзербайжан ұлттық өнер музейіндегі көрме 31 тамызға дейін жалғасады.