деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Келіссөздер Әзірбайжан басшысының қала сыртындағы резиденциясында өтуде. Мемлекет басшылары қазір шағын құрамда келіссөздер жүргізуде. Ол аяқталған соң президенттер екі елдің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізеді. Келіссөздердің қорытындысы бойынша Қазақстан мен Әзірбайжан арасында бірқатар екі жақты құжаттарға қол қойылады деп жоспарланып отыр. Одан кейін мемлекет басшылары бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнап мәлімдеме жасайды деп күтілуде. Ал ертең Н. Назарбаев Әзірбайжанның Нахчыван қаласында өтетін Түркітілдес мемлекеттер басшыларының ІХ саммитіне қатысатын болады.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Президенттер энергетика, транзит және көлік жүйесі, ауыл шаруашылығы, білім және туризм, мұнай-газ жабдықтарын өндіру, Каспий теңізі бойынша халықаралық теңіз кеме қатынасы, бірлескен көлік логистикалық компаниялар құру салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылайды деп жоспарланып отыр.
ҚР Кедендік органдарының деректері бойынша, Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы тауар айналымы 2008 жылы 465,6 млн. долларды құраған. Оның 208,9 млн. доллары - экспорт, 256,7 млн. доллары - импорт. Алайда, 2009 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыс салдарынан өзара сауда-саттық көлемі 74,805 млн. долларды ғана құраған. Қазақстаннан Әзірбайжанға негізінен минералдық рессурстар, яғни мұнай және газ, химия шикізаты, астық, арпа, темекі өнімдері, электр жабдықтары экспортталады. Қазақстанға битуминозды материалдан алынған мұнай өнімдері, этилен полимері, машиналар мен механизмдерге арналған құрамдауыштар, жиналмалы құрылыс материалдары импортталады.