Бакуде өңірдің «Туризм және саяхат» AITF 2013 халықаралық турситік көрмесі басталды

БАКУ. 4 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Әзірбайжан астанасының «Баку Экспо Орталығы» көрме кешенінде аталмыш елдің және бүкіл Кавказ өңірінің мамандандырылған туристік индустриясының ең ірі оқиғасы - Әзірбайжанның «Туризм және саяхат» AITF 2013 халықаралық көрмесі басталды.

12 жыл бойы көрме осы сектордағы әрі қарай дамудың стимулдарының бірі болып табыла отырып, өңірдің демалыс және саяхат саласының беталыстары мен даму жолдарын белгілейді, туризм саласындағы табысты жыл болу үшін екпін береді. Құрылған күнінен бастап AITF Әзірбайжанның Мәдениет және туризм министрлігінің белсенді қолдауымен жүргізіліп келеді.

AITF-тің халықаралық беделін Бүкіләлемдік туристік ұйымның (UNWTO), Туристік көрмелердің халықаралық қауымдастығының (ITTFA) қолдауынан көруге болады. Сонымен қатар, көрмені Әзірбайжанның экспортты және инвестицияны ынталандыру қоры (Azpromo) және Кәсіпкерлердің ұлттық конфедерациясы қолдайды. Көрме UFI халықаралық көрме қоғамдастығымен (Көрме индустриясының бүкіләлемдік қауымдастығы) мойындалған.

Көрме ұйымдастырушылары Iteca Caspian LLC және бүкіл әлем бойынша ITE Group PLC серіктестері мен агенттерінің желісі болып табылады, олар, мысалы, ITE London, EUF (Түркия), GIMA (Германия), ITE Gulf (Дубай) және басқа халықаралық компанияларды әзірбайжан көрмесіне қатысуға белсенді тартады. AITF 2013-ке 251 компания және 35 елдің ұйымдары қатысып, 60-тан астам бағыттарды ұсынып отыр.

Ұлттық топтардың құрамында, сонымен қатар, жеке стендтермен көптеген әуе желілері мен әуе агенттіктері ұсынылатын болады.

Қазақстан атынан бұл іс-шараға «Эйр Астана» әуе компаниясының ұлттық әуе тасымалдаушысы қатысуда.

Үш күн ішінде көрме, заманауи трендтерге көңіл аудара отырып, туристік қызметтердің кең сұрыпталымын көрсетеді. Көрменің негізгі бөліктері әуе желілері мен әуе агенттіктері; туристік операторлар мен туристік агенттіктер; қонақ үйлер, қонақ үй желілері, санаторийлер, пансионаттар; шытырман оқиғалармен демалуда, іскерлік сапарларды ұйымдастыруда, спорттық, экологиялық демалысқа мамандандырылатын компаниялар болады.

Құрамына шетелдік медициналық орталықтар, жеке және мемлекеттік емханалар, диагностикалық орталықтар кіретін «Медициналық туризм» бағытын ұсынатын қатысушылардың саны биыл анағұрлым ұлғайды. Осы жылдың жаңалығы көрмеде «Шетелдегі жылжымайтын мүлік» жаңа бөлімін ұсыну болады. «Әзірбайжандағы демалыс» бөлімінде ел өңірлерінің климаттық ерекшеліктері, көпұлттық мәдениеті таныстырылады. Әзірбайжанның мәдениет және туризм министрлігі өңірлік экспозицияны ұйымдастыруда жан-жақты қолдау көрсетті.