Бакуде «Study in Kazakhstan» халықаралық білім беру көрмесі өтті

БАКУ. KAZINFORM — Іс-шара Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталды, деп жазды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.   

Фото: IZ Community

Көрме Қазақстанның Жоғары білімді дамыту ұлттық орталығы мен İZ Community компаниясының қолдауымен ұйымдастырылып, оған еліміздің жетекші жоғары оқу орындары қатысты. Олар шетелдік талапкерлерге арналған білім беру бағдарламаларын, оқуға түсу шарттарын және оқу мүмкіндіктерін таныстырды.

Көрмеге әзербайжандық жастар үлкен қызығушылық танытты. Қонақтар қатарында жоғары сынып оқушылары, студенттер, олардың ата-аналары және білім беру ұйымдарының өкілдері болды. Қатысушылар оқу бағдарламалары, жатақхана жағдайы және оқу бітіргеннен кейінгі жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы белсенді түрде ақпарат алды.

Көрменің ашылуында Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Алим Байель екі ел арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықтың тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы бір жылда Қазақстанда білім алып жатқан әзербайжандық студенттердің саны екі есеге жуық артқан. Сонымен қатар, қазақстандық жоғары оқу орындарына деген қызығушылық өсіп, еліміз аймақтық білім беру орталығы ретіндегі позициясын нығайтып келеді.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай іс-шаралар шетелдік студенттерді тартумен қатар, Қазақстан мен Әзербайжан университеттері арасында тұрақты академиялық байланыстарды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бұған дейін Қазақстан мен Әзербайжан бірлескен туроператорды іске қосқанын жаздық.