Әлім Байел Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастықтың даму жолына тоқталып, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық және білім беру байланыстарын одан әрі нығайтудың маңызын атап өтті.
Кездесу барысында студенттерге Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттары да түсіндірілді. Дипломат Үкімет білікті мамандар даярлауға ерекше көңіл бөліп отырғанын, әсіресе шетелде мемлекетаралық бағдарламалар бойынша білім алып жүрген жастардан үлкен үміт күтетінін жеткізді.
Сондай-ақ ол елшіліктің студенттерге жан-жақты қолдау көрсетуге әзір екенін айтып, оларды Бакудегі дипломатиялық өкілдік ұйымдастыратын іс-шараларға белсенді қатысуға шақырды. Бұдан бөлек кездесуде алдағы уақытта өтетін бірқатар жиынның, соның ішінде Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік іс-шаралардың жоспары сөз болды.
Кездесу соңында Әлім Байел шетелде жүрген жастарды өзара сыйластық пен бірлікті сақтап, қиындықта бір-біріне демеу болуға үндеді. Ал студенттер елшілік ұжымына тұрақты қолдауы мен туындаған мәселелерді шешуге көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанның Бакудегі елшілігінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы мен қазақ-әзербайжан ынтымақтастығын дамытуға арналған дөңгелек үстел өткені хабарланған болатын.