Бакуде Түркі мемлекеттері орталық банктері кеңесінің екінші отырысы өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Ұлттық Банкі өкілдері Бакуде өткен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің орталық (ұлттық) банктері кеңесінің екінші отырысына қатысты. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі мәлім етті.

Фото: Ұлттық банк

Кездесуде қатысушылар:

  • ақша-кредит саясатының өзекті мәселелерін;
  • жаһандық және аймақтық сын-қатерге ден қою шараларын;
  • қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету тетіктерін;
  • цифрлық қаржы экожүйелерін дамыту бағыттарын;
  • қаржы технологияларының рөлі мен олардың орталық банктер қызметіне ықпалын талқылап, пікір алмасты.
Фото: Ұлттық банк

— Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел қатысушыларды Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Тимур Сүлейменовтің атынан құттықтап, түркі мемлекеттерінің орталық банктері арасындағы ынтымақтастыққа жоғары баға берді. Сонымен қатар Қазақстан Ұлттық Банкінің өкілдері Кеңес мүшелерін еліміздің негізгі ақша-кредит реттеушісінің қазіргі қызметі туралы хабардар етті, — делінген хабарламада.

Жиын қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтар мен алдағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын қамтитын Коммюнике қабылданды.

Кеңестің келесі отырысы 2027 жылы Түркияда өтеді.

Айта кетейік, Ұлттық банк 2026 жылғы инфляция болжамын өзгертті.