Бакудегі Түркі кеңесінде бірлескен шараға дайындық барысы талқыланды

БАКУ. ҚазАқпарат -  Бакуде Түркі кеңесі елдерінің жастар және спорт істері министрлерінің отырысы өтті. Бұл туралы Әзербайжандағы «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі хабарлады.

Қазақстан атынан дін және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын мен Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан жастар және спорт бойынша мемлекеттік органдарының басшылары қатысты.

Отырыс барысында қатысушылар жастар және спорт саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының қызметін реттейтін құжатты, Түркі кеңесінің жастар платформасы регламентін мақұлдап, Түркі кеңесі елдерінде бірқатар ірі бірлескен шаралар жүргізуге дайындық барысын талқылады. ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындары, І Түркі универсиадасы,   Түркі кеңесінің І жастар фестивалі және т.б.

Өз сөзінде Б. Арын қатысушыларды «Болашаққа көзқарас: қоғамдық сананы жаңғырту» атты ҚР Президенті Н. Назарбаевтың бағдарламалық мақаласында айтылған негізгі бастамаларымен таныстырды. Сондай-ақ ұлттық тарихты, дәстүрді жаңғыртуда, мәдениет ескерткіштерін сақтауда Түркі кеңесі елдерімен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

Ол сондай-ақ түркітілдес елдерді Ақмола облысы Зеренді ауылында 2017 жылғы 10-16 шілде аралығында өтетін Түркі кеңесіне қатысушы елдердің  ІІІ халықаралық жастар жазғы лагеріне белсенді қатысуға шақырды.

Өз сапары аясында вице-министр Әзербайжанның діни ұйымдарымен жұмыс бойынша мемлекеттік комитетінің төрағасы Мубариз  Гурбанлымен екіжақты кездесу өткізді. Онда діни ұйымдардың қызметін реттеу мәселелері мен осы саладағы екі елдің тәжірибесі талқыланды.

Бұдан басқа, Баку мемлекеттік университетінің жанындағы Абай орталығына барып, ректоры Абел  Магеррамовпен кездесті. Жастардың ұлттық мәдениет пен дәстүрге сүйіспеншілігін дағдыландыруға бағытталған жобаларды іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.