Бақылау аркалар саны 80-ге жетіп, бақылауды 30 пайыз ғана қамтитын барлық бекеттер жабылады

АСТАНА. 9 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстанда Бақылау аркаларының саны 80-ге жеткізіліп, қазіргі күні жүк автокөліктерінің ағынын бақылауды 30 пайыз ғана қамтып отырған барлық стационарлық бекеттер жабылатын болады. Бұл туралы Ақтау қаласында Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының басшылығы мен қоғамдық ұйымдары өкілдеріне Көлік инфрақұрылымдарын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама жобасын таныстыру барысында ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Қайрат Әбсаттаров мәлім етті.

Қоғамдық тыңдау талқысына ұсынылған құжат Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында берілген тапсырмасы бойынша әзірленуде. Құжаттың басты мақсаты Қазақстанның экономикалық өсу мүмкіндіктерін кеңейтуді қамтамасыз ететін және тұрғындардың көлік қызметіне деген сұранысын қанағаттандыратын жаңа көліктік инфрақұрылымды қалыптастыру болып табылады. Құжат Қазақстанның көлік жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін, еліміздің транзиттік әлеуетін 2020 жылға қарай 2 есеге, ал 2050 жылға қарай 10 есеге арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сонымен бірге көлікте қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.

Бұдан бөлек, тасымалдың барлық түрлері бойынша көлік үдерісін автоматтандыру көзделуде, осының арқасында рәсімдеу қажет құжаттар саны азайып, жүкті жеткізу уақыты қысқарады, көлік ағынын басқару қызметінің сапасы мен жолдардағы қауіпсіздік 25-35 пайызға артып, жол-көлік оқиғасы салдарынан орын алатын адам өлімі азаяды, көліктік бақылаудың тиімділігі артады.

Салмақ өлшеудің автоматтандырылған жүйесін іске қосу нәтижесінде сыбайлас жемқорлық көріністері жойылады, себебі көліктік бақылау қызметкерлерімен жүргізушілердің тікелей өзара жүздесуі болмайды. Жүк көлігінің салмақ параметрлері автоматты түрде анықталады. Оның салмағы рұқсат етілген мөлшерден артық болған жағдайда автокөлік иесіне айыппұл салынады. Бұл жүйе жүк жеткізу уақытын қысқартып қана қоймайды (орташа жүру жылдамдық сағатына 17 шақырымнан 60-70 шақырымға дейін артады). Сонымен бірге тасымалдың өзіндік құнын азайтып, жолдардың сапасын сақтауға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні салмақ өлшеудің автоматтандырылған 3 жүйесі тестік тәртіпте жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін 10, ал 2014 жылы - 18 бақылау аркаларын орнату жоспарлануда. Жалпы, бақылау аркаларының саны 80-ге жеткізіліп, қазіргі күні жүк автокөліктерінің ағынын бақылауды 30 пайыз ғана қамтып отырған барлық стационарлық бекеттер жабылатын болады.