Бақылаушы органдардың құқықтық сауатсыздығы кәсіпкерлерді тексеру кезінде заң бұзушылықтар санының артуына әсер етуде

АСТАНА. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бақылаушы органдардың құқықтық сауатсыздығы шағын және орта бизнесті тексеру кезіндегі заң бұзушылықтар санының артуына әсер етуде.

Бұл туралы бүгін Астанада «Мемлекеттік бақылаудың заңдылығы мен ашықтығы - кәсіпкерлер құқықтарын қорғаудың кепілі» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрағасы Мұрат Ахметжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

М.Ахметжановтың сөзіне қарағанда, жыл сайын тексеруші мемлекеттік органдар 250 мыңға жуық шаруашылық субъектісіне тексерістер жүргізеді. Ал олардың ішіндегі басым дені - жекеменшік бизнес. Өткен жылы аталмыш Комитет мемлекетік органдардың тексеріс жүргізу туралы 1154 актісін тіркеуден бас тартып, заңсыз тексерулердің алдын алды.

«Сондай-ақ қадағалау қызметті жүзеге асыру барысында мемлекеттік органдардың 853 заңсыз тексерісі анықталды. Ақтөбе облысында үстіміздегі жылдың өзінде Комитеттің аймақтық басқармасы жүргізілген 112 заңсыз тексерісті анықтады, оның ішіндегі 32-сін санитарлық-эпидемиологиялық және төтенше жағдайлар органдары жүргізген», - деді ол.

Комитет төрағасының айтуынша, прокурорлармен қолға алынған шаралардың нәтижесінде мемлекеттік органдардың бірнеше лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Барлығы соңғы екі жылда Комитеттің аумақтағы органдарын заң бұзушылықтарды жою бойынша 300 ұсыным жасап, 252 лауазымды тұлғаны тәртіптік жазаға тартқан.

«Талдау нәтижелері көрсетіп отырғандай, санэпидқадағалау, салық органдары, әкімдіктер мен ішкі істер органдары бұзушылықтарға ең көп жол беретін органдарға жатады. Бақылаушы органдардың құқықтық сауатсыздығы тексеріс кезіндегі заң бұзушылықтар санының артуына әсер етуде. Мысалға, салық органдарының 2009 жылдың екінші тоқсанында жасаған тексерістері 1,5 есеге артса, заңсыз тексерістердің саны 3 есеге артқан. Осындай жағдай санэпид органдарында да көрініс табуда. Онда заңсыз тексерістердің саны 7- есеге артты», - деді М.Ахметжанов.