«Бақырып басшы бола ма?» - баспасөзге шолу

None
АСТАНА. 25 желтоқсан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 25 желтоқсан, сәрсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, еліміздегі ең жаңа, экологиялық тұрғыдан таза, ең қауіпсіз әрі көркем стансалары бар қоғамдық көліктің түрі Алматы метросы болып отыр. Кеше алматылық метро ESQR-дың (Сапаны зерттеудің Еуропалық қауымдастығы) «Platinum» категориясындағы кубогы мен дипломына ие болды. Осылайша кезекті рет еліміз­дегі ең жас метро дизайны жағы­нан әлемдегі ең әдемі, ең сапа­лы метрополитендердің қата­рына көтерілді. Бұған дейін де алматылық жерасты көлігі биылғы шілде мен желтоқсан айларында «Сапаны үздік пайдаланудың Еуропалық марапаты номинациясы бойынша екі рет жүлдегер атанған болатын. Бұл материал «Алматы метросы еуропалық марапатқа ие болды» деген тақырыппен жарияланды.

Бас басылымда «Бақырып басшы бола ма?» деген мақала берілген. Қазақта бұрыннан: «Бай болған бақырып бола ма?» деген сөз бар. Ал бүгінгі Ақтаудағы бастықтар сол бақыруға балағатты қосып жібереді екен. Ал екеуі қосылып кеп кеткенде, оның алдында отырған қарауындағы жұмысшылары ғана емес, кәрі Каспий­­­дің өзі тітіркеніп кетеді деседі. Міне, осылайша үстеріне әңгіртаяқ ойнай беруінен әбден зәрезап болған қалада­ғы сондай мекемелердің бірі - комму­налдық шаруашылық бөлімінің қызмет­керлері ақыры тәуекелге барып, бастықтарының үстінен прокуратураға шағыныпты. Ақтауда коммуналдық шаруа­шы­лық бөлімінің бастығы қарамағын­дағыларға күн көрсетпей, бас-көз демей балағаттайды екен. Одан әбден мезі болған қызметкерлер ақыры прокуратураға шағым түсіріпті. Айтуларынша, Сағын­ғали Амангелдиев мемлекеттік қызметкердің ар-намысын аяққа таптап, бөлімдегілермен боқтап қана сөйлескен.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, алдағы жаңа жылда Қазақстанда қос бірдей ұлттық компания жаңадан құрылуы мүмкін. Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі Үкіметке осындай ұсыныспен шықты. Министрлер кабинеті кешегі отырысында «Су ресурстарын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарлама» жобасын құптады. Бұл - ел Үкіметінің биылғы жылжабар жиыны болатын. «2013 жыл оңай болған жоқ» деп бағалады жылды қорытқан Премьер Серік Ахметов. Серік Нығметұлының мәліметін­ше, биылғы жылы ел Үкіметі 80 заң жобасын әзірлепті, олар ендігі қабылданған. Былтыр бұл ауқым 55-ті ғана құраған екен. Үкімет басшысы «әкімдердің, ми­нистрлердің, барлық басшылардың үлкен жұмыс тындырғандығын» айтты.
- 2014 жыл да қарапайым болмай­­ды деп күтілуде, - деді Серік Ахметов. - 2013 жылы жинақтай алған базамыз 2014 жы­лы да табыспен ілгерілетіледі деген ойдамын.
Болашағын билікпен байланыс­тыратын бірқатар тұлғаларға жаңа жыл жаңа мүмкіндіктер беруі мүмкін. Мысалға, екі министрлік жанынан екі ұлттық компания жұмысын бас­тайды деп тұспалдануда. Экология министрі Нұрлан Қаппаровтың сендіруінше, бұлар «магистральдық және таратушы су инфрақұрылымын басқару үшін» қа­жет. Әйтпесе, бұған министрліктің жалғыз өзінің мұршасы келмей жатқан көрінеді. Бұл мақала «Екі ұлттық компания құрылуы мүмкін» деген тақырыппен басылды.

Осы басылымда «Сырттағы қазаққа салғырт қарамайық» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Қазақ қоғамындағы түйткілді мәселелердің бірі - оралмандар тірлігі. Сонау 1991 жылы желтоқсанда еліміз тәуелсіздік алған соң араға бірер апта салып, Елбасы сырттағы қазаққа «Дүниежүзiндегi қазақтың жалғыз отаны - Қазақстан» деп сауын айтты. Атамекенге оралғысы келетіндерге есік ашық екенін ескертті. Содан бергі кезеңде атамекенге 1 миллионға тақау қазақ бет бұрды. Туған елмен қауышты. «Бір қарағанда, бәрі жақсы, бәрі оңды. Алайда шешілмей жатқан тірлік көп. «Қазақтың санын қа­лай көбейтеміз, өз жерімізде басымдыққа қалай ие боламыз, салт-дәстүрімізді қа­лай сақтап қаламыз, тілімізді өз тұғырына қалай қоямыз» деп бас қатырамыз. Сөй­те тұра, қазақтың көбеюіне үлкен үлес қосатын оралмандарды ұмытамыз, сөйте тұра, қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұр­пын, тілдік нәрін керемет сақтаған қан­дастарымызды (оралмандарды) өзекке тебеміз, сыртқа итереміз. Тіпті белгісіз себептермен «Нұрлы көш» деген керемет аталған көшке 2015 жылға дейін мора­торий жариялап жібердік. Ол аздай жа­қында сырттан келген қазақтар (орал­ман­дар) 4 жылдан кейін ғана азаматтық алады деген заң шығарып қойдық. Бұл да шекара асып келетін қандастарымыз үшін үлкен тосқауыл болмақ»,-деп жазады мақала авторы.

***

«Егемен Қазақстан» Қазақстан басшысының Ресей астанасына жұмыс сапары аясында Мәскеудегі Жазушылардың орталық үйінде отандық «Елбасы жолы» фильмінің тұсаукесері өтті. Өнер туындысын тамашалауға келген 500-ге тарта көрерменнің арасында Ресей үкіметінің мүшелері, Мемлекеттік Дума депутаттары, белгілі режиссерлер мен актерлер, танымал сарапшылар, сондай-ақ, студенттер болды.

Фильм көрермен назары­на ұсынылмастан бұрын, Қа­зақстанның Ресей Федерация­сын­дағы Төтенше және өкілетті ел­шісінің кеңесшісі Виктор Темірбаев сөз алып, қазақ кино­ин­дустриясының жаңа туындысын көруге уақыт тауып кел­ген­дері үшін жиналғандарға алғысын білдірді. «Мен елшілік басшылығы атынан бүгінгі шараны ұйымдастырушыларға, Жазушылардың орталық үйіне, әсіресе, авторлық ұжымға және осы фильмді тамашалауға жиылған қауымға ризашылығымды біл­дір­гім келеді. Бұл фильм, әсіресе, жас­тарға тұлғаның қалыптасу жолы қалай жүретіні жөнінде үл­кен сабақ болады деп ойлаймын», деді елшінің кеңесшісі өзінің сөзінде. Бұл мақала «Елбасы жолы» - Мәскеуде» деген тақырыппен берілген.