Бұл қойылымға бірнеше ұлт пен ұлыстардың өкілдері бейбіт те бақытты ғұмыр кешіп жатқан Қазақ елінің бүгінгі кезеңі арқау болған. Көрмеген адам саяси драма шығар деп ойлауы мүмкін. Алайда, әрбір шығармасында терең мән, ұтымды ойлар мен тапқыр әзілдерді келтіре білетін шебер жазушы Дулат Исабековтің бұл туындысы да көрермендердің жүрегіне жол тапты.
Драма өмірлік жары қайтыс болып, қос ұлына тәрбие беріп отырған Бәтима апайдың көтеріңкі көңіл күйінен басталады. Бұл шаңырақтың көршілері орыс, неміс және өзбек ұлтының өкілдері екен. Эпизод барысында көрші орыс жігітінің Ресейге көшкелі жатқаны көрсетіледі. Осы жерде бірнеше атасы туып-өскен, шаңырақтың әкесі Василий Қазақстаннан басқа жаққа көшкісі келмейтінін мәлімдейді. Ал неміс ұлтының өкілі Карл Нэйман болса, 1941 жылы немістерді Қазақстанға көшірген кезде, қазақтар жарты нанды бөліп бергенін еске алды.
«Бақыт құсы - адамдарға жақсылық сыйлайтын қасиетті құс. Ол кейде жеке адамның басына, кейде тұтас елдің басына қонады» деген қанатты сөз айтылады. Қазақстанның бүгінгі жетістіктері, бақыт құсы қонған шағы сөз болады.
Осы драмада қазақ жігіті Бектұр кәрістің қызы Нелли Кимге ғашық болады. Тереңіне үңілсек, Ким отбасы ол қызды дүниеге келгенде асырап алған екен. Сөйтіп, ол кәріс отбасында тәрбиеленген, бірақ қазақ мектебін бітірген қазақтың қызы болып шығады.
Қойылымда Майра Омар, Дәурен Серғазин, Роман Чехонадский, Денис Анников, Роман Цой, Антонина Пяк, Айдана Сырбековалар басты рөлдерді шебер сомдады.
Драма кейіпкерлерінің тыныс-тіршілігі қазақ әндерімен өріліп отырды.
Драманың қоюшы режиссері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай, қоюшы суретші Қанат Мақсұтов. Композиторы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Қойылым соңында сахнаға көтерілген жазушы, драматург Дулат Исабеков әртістермен бірге елордалық көрермендерге алғысын білдірді.
Бұл қойылымды Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан Ұлттар театры ұжымы ұйымдастырған.
Ең бастысы, осы лирикалық драма көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.