Бақыт Сұлтанов Астананы дамытудың жаңа үлгісін жасауды тапсырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов аппарат мәжілісінде шаһарды дамытудың жаңа үлгісін құруды тапсырды. Бұл туралы елорда әкімдігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы біздің алдымызға жақын арада орындалуы тиіс бірқатар басым міндеттерді қойып отыр», - деп мәлімдеді Бақыт Сұлтанов.

Қаланы дамытудың жаңа үлгісін енгізу және инновацияларды ілгерілету, креативті адамдар санын көбейту үшін қолайлы ортаны қалыптастыру - 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеуді талап етеді. Жаңа стратегияны құру жөніндегі тапсырманы Мемлекет басшысы осы жылдың 11 қыркүйегінде берген болатын. 

Әкім қаладағы қазіргі ахуалға кешенді түрде талдау өткізіп, стратегиялық мақсатты анықтауды, болашақтың қандай болатынын болжауды тапсырды. Яғни өмір сапасын арттыру, қалалық ортаның үйлесімділігі, тұрақты экономикалық өсім, ресурстарды тиімді пайдалану және т.б.

Елорданың жаңа стратегиялық даму үлгісі «Астана» халықаралық қаржы орталығы базасында іскерлік қаржылық хабты дамытуды қамтиды. Бұл бағыт сонымен қатар туризм индустриясы саласын кеңейту бойынша жұмысты күшейте түсуді талап етеді.

«Осыған байланысты іскерлік туризм саласында алдыңғы қатарлы халықаралық ұйымдармен әріптестікті нығайтуды тапсырамын. Туризм саласында қызмет көрсету сервисінің сапасын халықаралық стандарттарға көтеру өте маңызды», - деді Б.Сұлтанов. 

Әсіресе қалалықтардың қолайлы өмір сүруі үшін жасалатын игіліктерге ерекше көңіл бөлінуі тиістігі атап өтілді. Бұл - абаттандыру, әлеуметтік объектілерді салу, тұрғын үй құрылысы және тағы басқасы.

Бұдан бөлек, елорда басшысы биылға жоспарланған жалпы алаңы 2,3 млн шаршы метрден кем емес тұрғын үйлерді пайдалануға беруді тапсырды (жыл басынан бері 1699,6 мың шаршы метр тұрғын үй берілді).

«Әкімдіктің жұмысы Мемлекет басшысы атап өткен Бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыруға бағытталуы керек. Осы міндеттерді атқару жаңа жұмыс орындарын ашуға және қаланың ары қарай экономикасын дамытуға әсер етеді», - деп айрықша тоқталды Б. Сұлтанов.