* * *
Кеше Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен партияның кезектен тыс ХVІІ съезі өтті. Осы жайт арқау болған мақала ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Бақыт та, байлық та, өмір де өз елімізде» деген тақырыппен берілді. Басылымның жазуынша, съезде негізгі баяндаманы Елбасы «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаев жасады. Мемлекет басшысы өз сөзінде елді дамытудың негізгі мәселелеріне тоқталып, «Нұр Отан» партиясының алдына жаңа сайлауалды бағдарламасына қатысты бірқатар нақты міндет қойды. Қазақстан Президенті былтыр басталған Бес институттық реформаны заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін 59 жаңа заң қабылданғанын айтты. Біз еңбек адамдарына «Жұмыспен қамту-2020» Жол картасының маңыздылығын арттыру арқылы қолдау көрсетеміз. 2015 жылы «Нұрлы Жол» бағдарламасына 770 миллиард теңге қарастырылды, ол 93% игерілді. 500 шақырымға жуық автомобиль жолы салынды, қайта жөнделді. 7000 пәтер салынды, оған қосымша Тұрғын үй құрылыс-жинақ банкі арқылы 3700 пәтер берілді, сондай-ақ, 51 білім беру нысаны іске қосылды. Кәсіпкерлікті қолдауға 100 миллиард теңге бөлінді. Агроөнеркәсіп кешеніне, автоөндірушілерге және басқа да салаларға көмек көрсетілді. Бұл бір жылғы жұмыстың нәтижесі. Алдағы уақытта жеке бизнесті, жұмысшыларды қайта даярлау және біліктілігін арттыру ісін қаржыландыру көлемі ұлғайтылады. Жалпы, «Нұрлы Жол» жобаларын жүзеге асыру барысы таяу жылдарда 400 мың жұмыс орнының ашылуын қамтамасыз етеді, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Алматы қаласында 1 ақпаннан бастап мемлекеттік балабақшаларда бір бала үшін төленетін ақы құны 15 мың теңгеден аспайды. Бұл жөнінде депутаттар Алматы қаласы мәслихатының 50-ші сессиясында бірауыздан қаулы қабылдады. «Естеріңізге сала кетейік, «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының фракциясы 2016 жылдың 22 қаңтарында мемлекеттік балабақшаларды шаруашылық есептен мемлекеттік тапсырысқа көшіру жөнінде бастама көтерген еді. Бұдан былай, мемлекеттік балабақшаларға баратын екі жастан бес жасқа дейінгі 17 000 бүлдіршін үшін тек тамақтану құны ғана төленетін болады. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен өткен жылдың қорытындысы бойынша үнемделген қаржыдан 3 млрд. теңге бөлініп отыр», деп жазады басылым. Сонымен қатар сессия барысында қала әкімі Бауыржан Байбек тұрмысы төмен отбасыларының проблемаларын шешу мүмкіндіктері бар екенін атап өткен. «Соның арқасында бүгін балабақша құнын көтерудің орнына 17 мың бүлдіршін үшін төленетін ақыны төмендеттік. Нәтижесінде, әрбір отбасы 20 000 теңгеге жуық ақшаны үнемдейтін болады», деді ол. Алматылықтар үшін жағымды жаңалық бас басылымның сенбілік санында «Балабақшаға бару бағасы екі есе төмендемек» деген тақырыппен басылған.
***
«Айқын» газетінің бүгінгі санында ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешовпен арадағы сұхбат «Біздің сайлау өткізуге әзірлігіміз жоғары» деген тақырыппен басылды. Онда комиссия хатшысы алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарына қатысты біраз жайттармен бөліскен. Оның алға тартқан деректеріне қарағанда, екі сайлауды қатар өткізу саяси науқандарды өткізуге бөлінетін бюджет қаражатын едәуір, атап айтқанда 4,8 миллиард теңгеге үнемдеуді қамтамасыз етіп отыр. Жалпы алғанда, алдағы біріккен сайлау науқанына 7 миллиард 985 миллион 300 мың теңге бөлінуде. Мәжіліс пен мәслихат сайлауларын жеке-жеке өткізгенімізде, шамамен 12,8 миллиард теңге шығындалатын еді. «Сайлау науқанына арна тартатын 8 миллиардқа жуық қаржының 53%-ы сайлау комиссиялары мүшелеріне төленетін еңбекақы есебінен. Бұл ретте, заңнамаға сәйкес, мемлекеттік қызметші болып табылатын сайлау комиссияларының мүшелеріне еңбекақы төленбейді. Бірақ, оларға мереке және демалыс күндеріндегі жұмысы үшін үстемеақы беріледі», - дейді ол.
***
«Мадридтің «Реалы» қазақстандық балаларға үлкен футболдың қыр-сырын үйрететін болады», деп жазады «Время» газеті «Реал плохому не научит» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, наурыз айының соңында Алматыда алғаш рет 6-17 жас аралығындағы балалар арасында өтетін арнайы курсты Real Madrid Foundation жаттықтырушылары ұйымдастырмақ. Бұл футбол курсы АҚШ, Канада, Еуропаның бірқатар елінде, Жапония мен Қытайда өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған болатын.
***
Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Бәйдібек ауданының орталығы Шаян ауылын араб инвесторы аббаттандырмақ. Аудандық әкімдік пен БАӘ кәсіпкері Аль-Байдани Мохаммед Салех Хасан арасындағы сәйкесінше келісімге қол да қойылған. Бұл жайында «Казахстанская правда» газетінің бүгінгі санындағы «Арабский капитал изменит Шаян» деген тақырыптағы мақалада айтылған. Басылымның жазуынша, араб инвесторы 1 млн. 700 мың доллар қаржы құйып, ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымы мен аббатандырылуын жақсарта түспек. Айта кетерлігі, аталған қаржыға ауылдың орталық сабағы мен стадионы жаңартылып, онда волейбол, баскетбол, гимнастика және футбол алаңдары пайда болады. Мұнан бөлек, араб инвесторы жабық бассейн салуды да жоспарлап отыр.