«Биыл мамырда «Бақытты отбасы» бағдарламасын жалғастырамыз. Аталған тұрғын үймен қамту бағдарламасы осымен төртінші жыл іске асып келеді. Ол үшін бюджеттен 51 млрд теңге келіп түсті. Жоспар бойынша 5 мың отбасыға 2 пайыздық мөлшерде тұрғын үй беріледі. Сонымен қатар келесі айдан бастап «Әскери баспана» бағдарламасын іске қосамыз», - деді Ләззат Ибрагимова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, биылдыққа 22 мың азамат тұрғын үй несиесіне ие болды.
«Сондай-ақ, жыл басталғалы 240 мың қазақстандық біздің банктен депозит ашты. Ол депозиттерге 4 айдың ішінде 511 млрд теңге аударылды», - дейді ол.
Бұған дейін аталған банк басшысы кейбір қазақстандықтардың жылжымайтын мүлкі бола тұра, тұрғын үй кезегіне қойылғанын айтты .
Одан бөлек, жалға берілетін тұрғын үйге субсидия алудың реті түсіндірілді .