«Мен қауіптің қай жақтан төніп жатқанын білмеймін. Дегенмен, бұл мәселені қазіргі жұмыстармен байланыстырамын. Мәселен, қазір «Жер аманаты» республикалық комиссиясымен Forbes журналына енген бірнеше олигархтың жерлерін тексеріп жатырмыз. Одан бөлек, тиісті заң жобаларын пысықтап жатырмыз. Сондықтан қай жақтан қауіп төніп тұрғанын нақты айта алмаймын», - деді Б. Базарбек Мәжілісте заң жобасының таныстырылымынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Бұл тұрғыда ол Алматы маңындағы жер телімдері мен ұлттық парк аумағындағы жерлерді тексеру іс-шараларына белсенді түрде қатысып жатқанын айтты. Сонымен қатар, ірі құрылыс компанияларына тиесілі жер учаскелері де тексеріліп жатыр.
«Алматыдағы бұл оқиға бойынша бейнекамера түсірген таспаны қарадым. Күдікті адам арбаны өртеп, кетіп қалған. Менің ойымша, бұл әрекет - қасақана арандату. Кейін күдікті адам психикалық дертке шалдыққан деп түсіндіруі мүмкіндігін де жоққа шығармаймын. Атап айтқанда, мен мұны кәсіби қызметіме байланысты арандату әрекеті деп есептеймін. Кейінгі кездері өзіме қатысты қоқан-лоқы жасамақшы болғандар жиі кездесе бастады. Бұл республикалық жер комиссиясы бойынша қызметтен басталды», - деді депутат.
Бақытжан Базарбек балалар арбасын өртеу оқиғасы бойынша полицияға жүгінгенін айтты.
«Мен оларға Парламент депутатының қызметіне кедергі келтіру бойынша қылмыстық іс қозғау керек деп айттым. Алайда полиция бұл баппен емес, бұзақылық бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деді депутат.
Оның айтуынша, өткен аптада депутаттар орман шаруашылығы туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қабылдамаған.
«Бір топ сенатор бұл жобаны Парламент Мәжілісінен «өткізіп жіберуге» тырысты. Осылайша, біз жерді ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан ауылдық елді мекендерге бергенде олар қауіпті жағдай тудырғылары келді. Мұның артында кім тұрғанын да білеміз. Мұның артында осы жерлерді сатып алған кейбір адамдар тұр. Айтуларынша, оларды кейбіреулер қателесіп ұлттық саябақтар мен қорықтардың құрамына кіріп кеткен үйлерін заңдастыру керек деп итермелейді. Біз оларға сот органдарына жүгінуге кеңес бердік. Бірақ біз мұның артында жер телімдерін сатып алып, депутаттар арқылы қоғамға қауіпті заң жобасын «шығаруға» тырысатын әлдебір күштер бар деп есептейміз. Біз оның жолын кесіп, комитет отырысына келісім берген жоқпыз. Ертең комитет бұл заң жобасын қайта қарайды», - деп түйіндеді ол.
Еске салсақ, бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде Б. Базарбек баласының арбасын пәтерінің алдында белгісіз біреулер өртеп жібергенін жазған еді.