Мегополис үшін автобус желілерін дамыту - өте өзекті. Оны дұрыс шешу үшін 200 автобусқа арналған №3 автопарк және жеке тасымалдаушының 130 автобустық базасы салынып жатыр. Кәсіпорын басшыларымен бағыттарды субсидиялау, жылжымалы құрамды жаңарту және жүргізушілер мен басқа мамандық иелерін дайындау қажет.
«Автобустар жаңарып, алматылықтардың сапалы қызметке деген сұранысы артуда. Демек, тасымалдаушылардың біліктілігі жоғары болуы тиіс. Колледждермен бірлесіп жұмыс істеу керек. Сол арқылы жүргізуші, механик, электриктердің және басқа да мамандық иелерінің тапшылығын шешуге болады», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Қала әкімі мөлтекаудандарды орталықтандыру принципі бойынша дамытып, барлық әлеуметтік инфрақұрылымды бір-біріне жақын орналастыру керектігін атап өтті.
«Болашақта қаламыздың даму қағидасы: әлеуметтік инфрақұрылым, жаяу жүру шегінде болуы керек, бұл - балалар алаңдары, емханалар, сквер және демалыс орындары», - деді әкім.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтылған топты тұрғын үймен қамтамасыз ету және инфрақұрылымды дамыту мәселелері шешілуде.
Жұмыс сапары кезінде Б.Сағынтаев Алатау ауданы Алғабас елді мекеніндегі тұрғын үй құрылысының барысымен танысты. Мұнда 8,3 га учаскеге 23 үй салынып жатыр.
Автор: Алма Мұқанова