«Биылғы жылдың ерекшелігіне тоқталсақ, Ұлттық ғылыми кеңестердің (ҰҒК) отырыстары дыбыстық әрі видео жазбамен қамтамасыз етілді. Сәйкесінше, олардың барлығы Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының сайтында орналастырылды. Екіншіден, «құпия» дауыс беру рәсімі енгізіліп, бұл өз кезегінде кеңес мүшесінің соңғы дауысына ықпал етуге жол бермейді. Осы арқылы, Ұлттық ғылыми кеңестердің барынша ашықтығы қамтамасыз етілді», - делінген Үкімет басшысының Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалына берілген жауабында.
Оның сөзіне қарағанда, ҰҒК туралы ережеге сәйкес, кеңес мүшелері ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру конкурсына жобаның ғылыми жетекшісі ретінде ғана қатыса алады. Алайда олар өздері қатысатын немесе үлестес тұлғалардың атсалысуымен болатын жобалар бойынша шешім шығармайды.
Сонымен бірге, кеңестер құрамы ҰҒК туралы ереже талаптарына сай құрылды. Әрбір кеңеске әлемдегі үздік ғылыми ұйымдардың өкілдері атанған шетел ғалымдары да енді.
«ҰҒК-лер құрамындағы мүшелердің 50 пайыздан астамы бизнес-қоғамдастықтардан, «Атамекен» ҰКП-ден, ұлттық холдингтер мен компаниялардан құралған. Атап айтқанда, олар академиялық ортаның өкілдеріне жатпайды. ҰҒК құрамына бизнес-қоғамдастық өкілдерін қосу шаралары ғылым мен нақты экономиканың қажеттіліктері мақсаттарын жақындастыруға бағытталған. Атап өтілгендей, 2018-2020 жылдарға гранттық қаржыландыруды бөлу кезінде ҰҒК-мен ғылым саласындағы заңнама аясындағы қызметтер іске асырылды», - деді Премьер-Министр.
Сонымен қатар Б. Сағынтаев ғылым саласындағы өкілетті орган ғылыми сараптаманы жүргізуді реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру бойынша жұмыстарды атқарып жатқанын жеткізді. Бұл тұрғыда қабылданатын шешімдердің ашықтығын ары қарай қамтамасыз ету қадамдары ескерілген. Осы орайда тиісті шаралар ғылыми қоғамдастықта кеңінен талқыланатын болады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін бірқатар ғалымдар саладағы дау-дамай туралы мәселені көтерген болатын. Бұл ретте ғалымдар Ұлттық ғылыми кеңестер гранттарды бөлу ережесін өрескел бұзып жатқандығын айтқан еді.
Айта кетейік, 2018 жылғы ақпан айының басында ҚР БҒМ Ғылым комитетінің төрағасы Болатбек Әбдірәсілов биылғы ғылыми жобаларды іріктеу қалай өткенін айтып берген еді.