Бақытжан Сағынтаев Грузияның вице-премьерімен кездесу өткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана экономикалық форумы аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Грузияның Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Михеил Джанелидземен кездесу өткізді, деп хабарлайды primeminister.kz сайты.

Кездесу барысында энергетика, көлік және логистика, туризм, мәдениет, денсаулық сақтау және білім беру салаларында екі ел арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету, жаңа бағыттарда өзара тауар айналымын кеңейту, химия өнеркәсібі, машина жасау, құрылыс, ауыл шаруалышығы салаларында қазақстандық өңделген және шикізат өнімдерінің, сондай-ақ қазақстандық астық экспортын ұлғайту мәселелері талқыланды. Екі мемлекеттің мемлекеттік органдары, өңірлері мен бизнес қауымдастықтары арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері, грузин компанияларының «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына белсенді қатысуы мәселелері қаралды.

Сондай-ақ, инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселесіне көп көңіл бөлінді. Соңғы 12 жылда Грузия экономикасына салынған қазақстандық инвестициялардың көлемі $406 млн-нан асты, Грузиядан Қазақстанға салынған тікелей инвестициялардың жалпы ағыны $45,9 млн құрады.

Қазақстандық компаниялар «Грузия темір жолдарына» электровоздар және Тбилисидегі автобус паркін жаңартуға қазақстандық автобустарды жеткізуге дайын. Kazakh Export Грузияға экспорттық-сақтандыру бағдарламасы бойынша ұзақмерзімді сауда қаржыландыруын және өзара тиімді жобаларды бірлесіп жүзеге асыруды ұсынады.

Айта кетейік, 2017 жылдың қорытындысы бойынша ҚР мен Грузия арасындағы тауар айналымы 2016 жылмен салыстырғанда 56,4%-ке артып, $64,3 млн құрады.

ҚР-дан Грузияға экспорт көлемі 2017 жылы екі есеге ұлғайып, $38,4 млн құрады (2016 ж. - $19,4 млн). Грузиядан әкелінген импорт өткен жылы $25,9 млн құрады, бұл 2016 жылға қарағанда 19%-ке жоғары ($21,7 млн). 2018 жылдың қаңтар-ақпан айларында тауар айналымы $8,7 млн құрады, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 80,2%-ке жоғары ($4,8 млн).

Қазақстанда шетелдік капиталға арналған жағдайлар жақсарып келеді. ҚР-да грузин компанияларына Орталық Азия мен Қытай нарықтарына шығу мүмкіндігі берілуде. Бүгінгі таңда Қазақстанда энергетика, көлік, инновация, медицина секілді салаларда грузиялық капиталдың қатысуымен шамамен 120 бірлескен кәсіпорын қызмет етеді. 2018 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда грузиялық қатысумен 236 заңды тұлға, бөлімшелер мен өкілдіктер тіркелген, оның әрекет етіп тұрғаны - 123.