Бақытжан Сағынтаев инвесторларға «прәндік» беруге уәде етті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Технологиялық жаңғыруды цифрландыру арқылы ғана жүзеге асыруға болады. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан «Kazakhstan Global Investment Roundtable» форумында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жаңғыруға цифрландыру арқылы барамыз деп айтар болсақ, онда біздің инвесторларға қызықты болуы үшін «пряндік» беру қажет. Бұған қоса, ол сол секторға келгені үшін де «прәндік» болуы керек. Бұл «прәндікті» біз заңнамамызда жаздық. Қазіргі уақытта ол Парламентте қаралуда. Бұл жаңа Салық кодексі, еркін аймақтар және индустриалды аймақтар. Яғни, сіздер жұмыс істейтін салаларда қызықты болуы үшін «прәндік» алуларыңыз қажет. Сіздердің қай елге баруда таңдауларыңыз бар. Бірақ, сіздердің бізге келгендеріңізді қалаймыз», - деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, еліміздің заңнамаларына енгізілген түбегейлі өзгерістердің нәтижесінде кәсіпкерлік субъектілерін тексеру талаптары 60 пайызға қысқарды, рұқсатнама лицензиялар саны үш есеге кеміде, салық органдарының жоспарлы тексерулері 40 пайызға азайды. Сонымен қатар Премьер-Министр еліміздің Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы жаңа кодекс әзірленгенін еске салып өтті.

«Онда қорларды есептеудің халықаралық жүйесі енгізіліп, геологиялық ақпараттарға еркін ену қамтамасыз етіледі. Қабылданған шаралар жер қойнауын пайдалану құқығын беру мерзімін қатты пайдалы қазбалалар бойынша 18 айдан 10 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бизнесті дамыту үшін айтарлықтай серпін беретін жаңа Кеден кодексі әзірленді», - деді ол.

Сонымен қатар Бақытжан Сағынтаев аталған заң жобаларын таяу аралықта Парламент мақұлдап, олар Елбасының қол қоюына жіберілетіндігіне үміт артты. Оның сөзіне қарағанда, заң жобалары 2018 жылы күшіне енеді деп күтілуде.