Бақытжан Сағынтаев Қазақстандағы Қытай елшісімен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қытай Халық Республикасының ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Ханьхуэймен кездесу өткізді. Бұл туралы primeminister.kz хабарлайды.

Кездесу барысында энергетика, өнеркәсіп, металлургия, машина жасау, көлік және ауыл шаруашылығы салаларында ҚХР-мен сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту, цифрлық және көліктік-логистикалық инфрақұрылым, Индустрия 4.0 технологиялары мен құзыреті салаларында бірлескен жобаларды іске асыру, деректер орталықтарын дамыту мәселелері талқыланды.


Анықтама: Қытай мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы 3 қаңтарда орнаған.

2017 жылы Қытай Қазақстанның ең ірі сыртқы сауда серіктесі болды. ҚР-ның басқа елдермен тауар айналымының жалпы көлеміндегі ҚХР үлесі 17,4%-ті құрады (экспорт - 13,4%, импорт - 27,5%).

Екіжақты сауда көлемі $10,5 млрд (2016 жылмен салыстырғанда +32,6%), соның ішінде Қазақстан экспорты - $ 5,8 млрд (+ 36,6%), ҚР-ға импорт - $4,7 млрд (+27,9%) құрады.

2016 жылғы желтоқсанда Өндірістік қуаттарды дамыту бағдарламасын іске асыру аясында жобаларды қаржыландыру үшін жарғылық капиталы $2 млрд болатын Қазақстан-Қытай өндірістік қуаттарының ынтымақтастығы қоры құрылды.

Қазақстан мен Қытай арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдері мен оны қайта өңдеу өнімдерінің тауар айналымы $345 млн құрады, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 32%-ке ($261 млн) ұлғайған.

2017 жылы ҚХР-ға АӨК өнімдерін экспорттау $180,5 млн құрады және 34,3%-ке ($134,4 млн-нан $180,5 млн-ға дейін) өсті. Бидай экспорты $57,5 млн сомасына 306,9 мың тоннаны құрады (2016 жылы бидай экспорты 281,1 мың тоннаны немесе $52,4 млн құрады).