«Көмір нарығы заңнамамен реттелмейтіндігі белгілі. Баға нарық субъектілерімен дербес белгіленеді. Өз кезегінде, тұрмыстық көмір бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында жедел әрі заңнамалық шаралар қабылданады. Мәселен, өткен жылдың 26 қарашасынан жергілікті атқарушы органдар мен республика өңірлерінде орналасқан бөлшек нарық субъектілері арасында рәсімделген меморандумдар аясында коммуналдық-тұрмыстық көмірдің сату бағасы төмендетілді», - деп атап өтеді Б.Сағынтаев.
Оның дерегінше, республиканың теміржол тұйықтарында Шұбаркөл көмірінің 1 тоннасы орташа есеппен 15-20, Қаражыра көмірі кемінде 6 пайызға арзандаған. Өңірлік операторлар үшін көмірді кеніштен тікелей сатып алу қарастырылған. Мұнан бөлек, апта сайын көмір бағасына мониторинг жүргізіліп, көмір өндіретін компаниялардың, көтерме-бөлшек нарық субъектілерінің деректеріне сараптама жасалып отырады. Сараптама жұмысы олардың баға келісуіне жол бермеу мақсатында жасалады.
«Ұлттық экономика министрлігі республиканың 10 өңірінде 2017-2018 жылғы жылу беру маусымындағы баға келісу фактілері бойынша бір көмір өндіруші («Қаражыра» АҚ) мен көмір жеткізумен айналысатын 49 субъектіні әкімшілік жауапкершілікке тартты. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 299 млн теңгені құрады. Көмір нарығындағы бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманың сақталуын бақылау жұмысы жалғасуда», - деді Үкімет басшысы.