Осыған орай, ҚазАқпарат тілшісі ақпараттың ақ-қарасын анықтау үшін Жамбылдың анасы Кәмшат Ибрайымоваға хабарласқан еді.
«Анасы ретінде айтарым, бұл ақпарат мүлдем шындыққа жанаспайды. Өзім педагогпын. ҚазМУ-дың филиогия факультетін бітіргенмін. Мен балама мұндай тәрбие еш уақытта бермес едім. Жамбыл - бұл бүтін қазақ көзін тігіп отырған бала. Біздің ескіні жаңғырту ойымызда жоқ. Әр нәрсе өз уақытымен», - дейді Жамбылдың анасы Кәмшат Ибрайымова.
Бала ақынның анасы Жамбылдың ертең өтетін шығармашылық кешінде «Мөлдір моншақ» деген әннің орындалатындығын атап өтті.
«Шығармашылық кешінде «Мөлдір моншақ» деген әнінің орындалатындығы рас. Бұл бірінші шығарған туындысы, тұсауы кесіледі. Қазір оның композиторлықпен де әуестеніп жүргені шындық. Әңгіме осы әннен шыққан сияқты. Бірақ, ол ешкімге арналмаған. Жамбылдың екі кітабы жарық көрді. Енді міне, үшінші кітабы дайын тұр. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жақын арада «Өлеңім - өмірім» деген атпен шығады. Тұңғыш кітабы «Тәңірден келген тәтті сый» деген атаумен аудио түрінде шығып, балабақшаларға таратылды. Екінші кітабы Елбасы қорының қолдауымен «Періште тілек» деген атпен жарияланды», - деді Кәмшат Ибрайымова.
Айта кетейік, бала ақын Жамбыл Дүйсеновтің 13 жасында шаңырақ көтеретіндігі жайында ақпарат алдымен Instagram-да жарияланып, артынан оны бірқатар ақпарат агенттіктері жариялаған болатын. Онда: «Ата-баба дәстүрі бойынша 13 жаста отау иесі болу мақсатында халқымыздың салт дәстүрі мен әдет-ғұрыппен болашақ келінге сырға салды. 30 қарашада өтетін кешінде Жамбылдың келін балаға арналған «Мөлдір моншақ» әні орындалады», - делінген еді.