«Мінсіз ана» тренді: бала күтімін неге басқаға тапсырамыз?
Шетелдік бала күтушілерге сұраныс әсіресе Астана, Алматы және Шымкент қалаларында байқалады. Qazaq Expert Club жанындағы әлеуметтану саласының сарапшысы Толқын Сәметованың айтуынша, бұл үрдіс урбанизациямен және ата-аналардың жұмыспен қамтылу деңгейінің өсуімен байланысты.
Қазіргі аналар мансабын сақтап қалу үшін еңбекке ерте оралуға ұмтылады. Сонымен қатар бұрын немерелерінің тәрбиесіне белсенді араласқан ата-әжелердің де өмір салты өзгеріп, бала күтімі біртіндеп ақылы қызметке айналып жатыр.
– «Әже немересіне міндетті түрде қарауы керек» деген түсінік біртіндеп әлсіреп келеді. Сондықтан алдағы 15 жылда бала күтімі нарығының ауқымы өзгеруі ықтимал. Бұл үрдісті бағалау үшін нақты статистикалық деректер қажет, – деді Толқын Сәметова.
Әлеуметтанушының пікірінше, күтуші жалдау бұрын ауқатты отбасыларға тән болса, қазір әлеуметтік трендке айналған. Бұған әлеуметтік желілер де ықпал етеді. Бүгінде блогерлер мен танымал тұлғалар күтушіні жайлы өмір салтының бір бөлігі ретінде көрсетіп, «мінсіз ана» бейнесін қалыптастырып отыр.
Филиппиндік күтушілер несімен тартымды?
Мамандар филиппиндік күтушілерге сұраныстың артуына ағылшын тілін білуі, балалармен тез тіл табысуы және шетелде жұмыс істеу тәжірибесі әсер ететінін айтады. Агенттік директоры Әлия Маутованың сөзінше, қазір олардың базасында Қазақстанға заңды түрде келген шамамен 200 филиппиндік күтуші бар.
– Артықшылығы – олар балаларға ағылшын тілін үйрете алады. Ең маңыздысы – өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарады, – деді Әлия Маутова.
Агенттіктер күтушілерді бала қараумен қатар, тамақ әзірлеу және үй жинау сияқты жұмыстарды атқаратын маман ретінде ұсына алады. Ал әлеуметтанушы Толқын Сәметова шетелдік күтушілерді таңдауға мәдени ерекшеліктер де ықпал ететінін айтады.
– Қазақ қоғамында туыстардың бала тәрбиесіне араласуы кейде отбасының жеке шекарасының бұзылуына әкелуі мүмкін. Ал филиппиндік мәдениетте «hiya» ұғымы әдептілікпен және әлеуметтік иерархияны құрметтеумен байланысты. Кейбір отбасылар үшін күтушінің жеке өмірге араласпай, кәсіби шекараны сақтауы маңызды. Дегенмен, бұл ерекшелікті барлық филиппиндік күтушіге ортақ қасиет деп қарастыруға болмайды, – деді сарапшы.
Қызмет құны 500 мың теңгеден басталады
Kazinform тілшісі агенттік арқылы шетелдік күтушіні жалдау құнын да білді.
– Егер күтушінің визасы дайын болса, қызметіміз 1850 доллар тұрады. Ал Филиппиннен жаңа қызметкер алдырып, виза рәсімдеу қажет болса, құны 3800 долларға жетеді. Күтушінің айлық жалақысы 1000 доллар, 500 мың теңгеден басталады, – деді агенттік өкілі.
Осылайша, күтушіні алғаш рет жалдау бірнеше мың долларға түсуі мүмкін. Қызметкерді ұсынбас бұрын агенттік оның құжаттарын, тәжірибесін, ағылшын тілін меңгеру деңгейін және медициналық тексеру нәтижелерін қарайды. Отбасы күтушінің жұмысын үш күн сынап көре алады.
Дегенмен, тәуекелді азайту үшін ата-аналар бұрынғы жұмыс берушілерінің ұсынымдарын тексеріп, келісімшартта қызметкерді ауыстыру тәртібі мен қосымша төлем шарттарын нақтылап алғаны жөн.
Заң талаптары қандай?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда қанша филиппиндік азаматтың жұмыс істейтіні туралы нақты дерек жоқ. Алайда шетелдіктер елде заң талаптарын сақтай отырып еңбек ете алады.
Заңгер Нұрболат Ибраевтың айтуынша, күтушіні агенттік арқылы жалдау оның Қазақстанда заңды жұмыс істейтініне кепілдік бермейді.
– Жұмыс беруші қызметкердің құжаттарын тексеріп, еңбек қатынастарын шартпен рәсімдеуі керек. Шетел азаматын заң талаптарын бұза отырып жұмысқа тартқан жағдайда жауапкершілікке тартылуы мүмкін, – деді заңгер.
Маман шетел азаматының елге заңды түрде келуі оған автоматты түрде жұмыс істеу құқығын бермейтінін ескертті. Сондықтан визасының мақсатын, мерзімін және еңбек етуге қажетті рұқсаттарын тексеру қажет. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 518 және 519-баптарында шетелдіктердің елде болу қағидаларын бұзу және шетелдік жұмыс күшін заңсыз тарту үшін жауапкершілік қарастырылған.
Сонымен қатар күтушінің жұмыс берушінің үйінде тұруы оның жұмыс уақытын шектеусіз белгілеуге негіз болмайды. Еңбек кодексіне сәйкес, қалыпты жұмыс уақыты аптасына 40 сағаттан аспауға, ал екі жұмыс күні арасындағы тынығу уақыты кемінде 12 сағат болуға тиіс. Қызметкерге жыл сайын кемінде 24 күнтізбелік күн ақылы еңбек демалысы беріледі.
– Сондықтан еңбек шартында жұмыс кестесі, демалыс уақыты және үстеме жұмысқа ақы төлеу тәртібі нақты көрсетілуі қажет, – деді Нұрболат Ибраев.
Бала күтушілерді кәсіби даярлау қажет
Шетелдік күтушілерге сұраныстың артуы бала күтімі саласында кәсіби даярлау жүйесінің жоқтығын көрсетеді.
Әлеуметтанушы Толқын Сәметованың пікірінше, күтушілерді даярлайтын арнайы оқу орталықтарын ашып, оларға алғашқы медициналық көмек, бала психологиясы, дұрыс тамақтандыру және кәсіби этика негіздерін үйрету қажет.
– Педагогикалық жоғары оқу орындарының, соның ішінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің базасында мамандандырылған бағдарламалар әзірлеуге болады. Оқу аяқталған соң берілетін сертификаттар мамандардың біліктілігін растауға мүмкіндік береді, – деді сарапшы.
Сонымен қатар күтушілікті кәсіби мамандыққа айналдыру үшін еңбек қатынастарын заңдастырып, жұмыс уақытын нақты белгілеп, әлеуметтік төлемдердің жасалуын қамтамасыз ету маңызды.
Сарапшылардың пікірінше, алдағы уақытта бұл нарықта мамандардың біліктілігін тексеріп, қызметті заңды түрде ұсынатын цифрлық платформалар пайда болуы мүмкін.