Бала денсаулығын сақтау: елімізде жаңа пилоттық жоба іске қосылады

АСТАНА.KAZINFORM - Денсаулық сақтау министрлігі әрбір бала мен оның отбасына «бір терезе» қағидаты бойынша ерте көмек көрсетудің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 32 аудандық аурухананың базасында пилоттық жобаны іске қосатынын хабарлады.

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Аталған жобаны жүзеге асыру мәселесі дамуында бұзылыстар қаупі бар балаларға медициналық көмек көрсету жүйесін дамыту жөніндегі ведомствоаралық үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысында талқыланды.

Отырысты ашқан Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев балалар денсаулығын сақтау мемлекеттің стратегиялық басымдығы екенін атап өтті. Қазақстанда балаларға туғаннан бастап скринингтің бес түрі жүргізіледі, ал жыл сайынғы профилактикалық тексерулермен бес миллионнан астам бала қамтылады. 2025 жылдан бастап медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының базасында 386 Даму және ерте араласу орталығы жұмыс істейді. Қабылданып жатқан шаралар патологияларды ерте анықтау және дер кезінде көмек көрсету бағытында оң нәтиже көрсетіп жатыр.

Сонымен қатар отырысқа қатысушылар қолданыстағы түзету көмегі жүйесі балалар мен отбасылардың ерте араласу қызметтеріне деген қажеттілігін толық көлемде қамтамасыз ете алмай отырғанын атап өтті. Бұл көмек көрсетудің ең қолайлы кезеңі – баланың 3–5 жасқа дейінгі дамуындағы «алтын терезе» кезеңінің жіберіп алынуына әкелуі мүмкін.

Қоғамдық ұйымдардың өкілдері ерте араласу қызметтерінің қолжетімділігін одан әрі кеңейту, ата-аналардың арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту және бала мен отбасының мүддесі үшін ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайту қажеттігін атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша Алматы, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары мен Жетісу облысының ауылдық деңгейдегі медициналық ұйымдарында ерте араласу жобасын пилоттық режимде іске қосу туралы шешім қабылданды.

Отырыс жұмысына Оқу-ағарту министрлігінің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері, Алматы, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары және Жетісу облысы әкімдерінің орынбасарлары, ЮНИСЕФ Қазақстандағы өкілдері, Samruk-Kazyna Trust қоры, Ұлттық балаларды оңалту орталығы, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты. Күн тәртібіндегі жеке мәселе ретінде 2025–2027 жылдарға арналған ерте жастағы балаларды дамыту және ерте араласу жөніндегі «Сәтті бастау» іс-шараларының кешенді жоспарын іске асыру барысы қаралды.

«Сәтті бастау» ведомствоаралық жоспары салааралық үйлестіруді нығайту, кадрлық әлеуетті дамыту, мектепке дейінгі білім беру жүйесін жетілдіру, қаржыландырудың тұрақты тетіктерін енгізу және отбасын қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатты дамыту шараларын көздейді. Бұдан бөлек, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы шеңберінде egov.kz платформасы базасында 18 жасқа дейінгі балаларды қолдауға арналған бірыңғай ведомствоаралық цифрлық платформа құру жоспарланып отыр. Бұл жүйе балаға көмек көрсету үдерісінің барлық кезеңдерінде үздіксіз бағыттау мен қолдауға қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Аталған шараларды іске асыру балалар мен отбасыларды қолдаудың тиімді жүйесін қалыптастыруға, даму ерекшеліктері бар балалардың өмір сүру сапасын жақсартуға және Қазақстандағы балалар мүгедектігінің деңгейін одан әрі төмендетуге бағытталған.

Айта кетейік, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева отбасы, әйел және бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша жұмыс істейтін бірыңғай «111» байланыс орталығының қызметімен танысты.