***
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Әділбек Жақсыбеков елдің үздік журналистеріне Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығы мен гранттарын тапсырып, Алғысын жариялады», деп жазады « Егемен Қазақстан » газеті сенбілік санындағы « Журналистерге жоғары жауапкершілік жүктеледі » деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Мемлекеттік хатшы еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін кәсіби мерекесі - Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен құттықтап, отандық журналистиканың басымдығы бар міндеттері ел басшылығы қойған мақсаттарға жету үшін қазақстандықтарды ұйыстыру, бірыңғай қазақстандық жалпыұлттық бірлікті қалыптастыру, патриотизмді нығайту болып табылатынын атап өтті. «Қазақстан-2050» Стратегиясында Президент Нұрсұлтан Назарбаев біздің дамуымыздың бұлжымас шарты қоғамдық келісімді сақтау және нығайту екенін айтты. Бұл орайдағы айрықша жауапкершілік бұқаралық ақпарат құралдарына жүктеледі», - деді Ә.Жақсыбеков.
***
« Айқын » газетінің жазуынша, ел Парламентінен қолданылу мерзімі бір-ақ жылмен шектелетін халықаралық құжат ратификацияланып шықты. Осы себепті Мәжіліс пен Сенат жазғы демалыстарына тарағанға дейін оны жедел қарауға жан салыпты. Ақыры кеше Қазақстан мен Ресей арасындағы осы шарт Парламенттен заң жобасы түрінде Елбасының қол қоюына жолданды. Ол - «Қазақстанға мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы Келісімге өзгерістер енгізу туралы Хаттама» деп аталады. Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалиннің түсіндіруінше, бұл құжат ішкі нарықтың жанар-жағармайға деген қажеттілігін толық өтеу мақсатында жасалып отыр. Жалпы, «Қазақстан мұнай өнімдерінің қанша көлемін көршісінен алады?» деген сауал қазақстандықтарды қызықтырса керек. Көпшілікке мәлім, қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары шығаратын мұнай өнімдерінің көлемі ішкі сұранысты толық қамти алмайды. Осы себептен жыл сайын Ресейден бірқатар мұнай өнімдерін импорттаймыз. Соның ішінде жылына 1 миллион 300 мың тоннадан астам бензинді, 100 мың тоннадан астам авиакеросинді, 400-ден 700 мың тоннаға дейін дизель отынын алып тұрамыз», деді министр. Мақала « Жанармайдың жаңа жыры » деген тақырыппен берілген.
*** «Ағымдағы жылдың соңына дейін 4G желісі еліміздің барлық облыс орталықтарын толығымен қамтымақ. Бұл жайында ҚР Байланыс және ақпарат агенттінің төрағасы Асқар Жұмағалиев мәлім етті», деп жазады « Казахстанская правда » газеті бүгінгі нөміріндегі « Глобальный форум пройдет в Астане » деген тақырыптағы мақаласында. А.Жұмағалиевтің деректеріне қарағанда, қазіргі таңда Қазақстанда ақпараттық коммуникациялық инфрақұрылым дамыған. Барлық үлкен қалаларда 3G, ал 8 қалада 4G іске қосылған. Осы жылдың соңына дейін аталған желілермен еліміздің барлық облыс орталықтары мен халық саны 50 мыңнан асатын қалалары, ал 2018 жылдың соңына дейін барлық аудан орталықтары қамтылады.
***
«Солтүстік Қазақстанға жеткізіліп жатқан ойыншықтар балалардың денсаулығына айтарлықтай зиянын тигізуі мүмкін», деп жазады « Экспресс К » газеті « Сто й кий ядовитый солдатик » деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, пластик бегомотпен ойнау жүректі айнытатын болса, солдаттар жиынтығы орталық жүйке жүйесінің қызметін бұзуы мүмкін. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы 150 ойыншық түріне зерттеу жүргізген. Олардың 25-і санитарлық-гигиеналық талаптарға мүлдем сай келмеген. Тіпті, кейбір ойыншықтарда фенол шекті нормадан 15 есеге артық екендігі анықталған.