***
«Үкімет үйінде өткен Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы бала еңбегін қанау, бедеулікті тегін емдеудің қолжетімділігі және Астана қаласындағы мүгедек әйелдердің жағдайын жақсарту мәселелеріне арналды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның жазуынша, алғашқы мәселе бойынша баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова үстіміздегі жылдың алғашқы жартысында еңбекке қатысты 9 мыңнан астам заң бұзушылықтың болғанын, оның 19 фактісі тікелей бала еңбегін қанауға тиесілі екенін жеткізді.Ол кәмелеттік жасқа жетпеген балалардың еңбегін пайдалану оқиғалары көбіне автотұрақтарда, сауда орындарында, егістік далаларында кездесетінін айтты. «Жыл сайын елімізде «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн күрес» атты Ұлттық ақпараттық іс-шаралар өткізіледі. Оның шеңберінде түрлі семинарлар мен тренингтер, «дөңгелек үстелдер» мен баспасөз жиындары ұйымдастырылып жатады. Биылғы өткізілген шараларға 1 млн. 200 мың бала мен 200 мыңдай ересек адам қатысты. Соның нәтижесінде нақты 76 баланың еңбегі қаналғаны анықталды», - деді вице-министр. Мақала «Бала еңбегін қанау азайғанмен, жойылар емес» деген тақырыппен берілген.
Мұнай туралы әңгіме бола қалса, алдымен Атырау облысының ілігері анық. Бұл заңды да. Өйткені, Атыраудың, қала берді республикамыздың ырысын арттырып, байлығын еселей түсер «қара алтынның» басым бөлігі осы өңірдің еншісінде. Жыл өткен сайын аймақтың ажары ашылып, халқының әл-ауқаты артып, инфрақұрылымы қарышты қадаммен алға басуда десек, бұл - Қазақстан мұнайының халық игілігіне жұмыс істеп жатқандығының нақты дәлелі. «Егемен Қазақстан» газетінің сейсенбілік санындағы сұхбат ұлттық индустриямыздың маңызды саласы - мұнай өнеркәсібін дамытушылардың алдыңғы қатарынан өз орнын тапқан «Теңізшевройл» кәсіпорнының бас директоры Тим Миллермен өрбіген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Біз бюджеті 25 млн. АҚШ долларын құрайтын «Игілік» бағдарламасы шеңберінде аймақтың инфрақұрылымын дамытуды, соның ішінде Құлсары қаласын сумен қамтамасыз ету жобасын, Атырау қаласында балабақша мен мектеп жобаларын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Гипертонияны емдеуден бастап, қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне үйрету, сонымен қатар әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жобалары ТШО-ның әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы есебінен жүзеге асырылатын болады. ТШО ағымдағы жылы осы бағдарламаға 1,3 млн. АҚШ долларын жұмсамақшы»,- дейді.
***
«Қазақстанға Испания Корольдігі үкіметінің төрағасы Мариано Рахой Брей ресми сапармен келді. Оны алдымен, өз Ақордасында Президент Нұрсұлтан Назарбаев қарсы алды», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Испания Қазақстанға қызыға қарайды» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, Елбасы Испанияны жайлаған жұмыссыздықтың «әлемдегі қаһарлы экономикалық дағдарыстың нәтижесі» болғандығын қайталай келе, сол жаһандық күйзелістің Қазақстанды да айналып өтпегендігін, отандық банктердің жайрап қала жаздағанын әңгімеледі. Бірақ еліміз біраз жыл жиған арнайы қоры арқасында бұл қиыншылықтан абыроймен өте алды. «Қазір бәрі де бірте-бірте дағдарыстан шығуда. Еуропалық экономика, тұтастай алғанда, өсуді бастады. Еуроға қатысты қауіптенушіліктер сейілуде. Бұл бәріміз үшін жақсы жаңалық», - деген Қазақстан Президенті, М.Рахой басқаратын Испания үкіметінің реформалары да «өз жемісін бере бастағандығын» жеткізді.
Әртүрлі ағымдағы ұйымдардың лаңкестігінен аузы күйіп, зардап шегіп отырған Ресей елінің президенті Мемлекеттік думаға айрықша заң жобасын ұсыныпты. Енді лаңкестікке қатысты жауапкершілік тіпті қатаңдатылатын болады. Аталған заң жобасы Ресей Думасына өткен аптаның жұмасы келіп түсті. Енді ресейлік депутаттар бұған өз ұсыныстарын енгізетін болады. Бұл жайында «Айқын» газетінің бүгінгі нөміріндегі «Лаңкестік үшін туысқандары айып төлейді» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. «Путиннің ұсынысы бойынша бұдан былай лаңкес жарылыс жасап, қоғамға зор қауіп төндірсе, оның туысқандары айып төлейтін болады. Тіпті лаңкес өзін-өзі жарып, мерт болғанның өзінде компенсацияны ағайын-туыс, бауыры өтейді. Путин сонымен қатар жекелеген азаматтар ғана емес, лаңкестік ұйымның мүшелеріне қатысты жазаны да қатайтты. Енді елдің Қылмыстық көдексіне де өзгертулер енгізіледі, Бұл ұсыныс бойынша олар 10-15 жылға дейіп абақтыға қамалып, 1 миллион рубль айыппұл төлейтін болады. Қауіпті жарылыс жасамай-ақ, лаңкестік ұйымның мүшесі болып жүргендер де жазадан құр қалмайды. Олар 5-10 жыл аралығында темір торға қамалып, 500 мың рубль көлемінде мемлекетке компенсация төлейді», -деп жазады басылым.
***
Петропавл қаласының тұрғыны Максим Сюсюгин Астана қаласының сот шешімдерін орындау жөніндегі департаментіне сенсациялық талап арыз берді. Онда еліміздің Қаржы министрі Болат Жәмішев пен аталған ведомствоның жауапты хатшысы Наталья Коржованың мемлекет аумағынан тысқары шығуына шектеу қою мәселесі көтеріліпті. Бұл жайында «Время» газетінің бүгінгі санындағы «Не заплатишь - не поедешь!» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. Басылымның жазуынша, 2011 жылдың 5 шілдесінде Солтүстік Қазақстан облыстық соты 7 жылға бас бостандығынан айырылған оны ақтап шығарған. Осыдан кейін 9 ай бойы заңсыз абақтыға тоғытылған мерзіміне моральдық өтемақы ретінде ол 2 млн. теңге талап еткен.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, 3-4 қазанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен келетін Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен екіжақты келіссөздер жүргізеді. Келіссөздер кезінде мемлекет басшылары сауда-экономикалық және индустриялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін, сондай-ақ, агроөнеркәсіп кешеніндегі өнеркәсіп кооперациясын талқылайды. Сонымен қатар, посткеңестік кеңістіктегі, бірінші кезекте, Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік аясындағы интеграциялық үдерістерді дамыту барысы талқыланатын болады. Бұған қоса, мемлекет басшыларының Бірлескен мәлімдемесіне және бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою жоспарлануда.
***
Қарағандылық нұротандықтар шенеуніктердің өз табысы мен мүлкі туралы ақпараттарды БАҚ-та жария ету көзделген «Өзінен баста!» атты партиялық акцияны құлақтарына да ілмей отырған көрінеді. Мәселен, осы уақытқа Парламент депутаттары, министрлер, облыс әкімдері бар 4 мыңнан астам адам қоғам алдында өз байлығын жария еткен. Ал олардың қатарында бірде-бір қарағандылық жоқ. Бұл жайында толығырақ «Экспресс К» газетіндегі «Рок сана» деген тақырыптағы мақалада егжей-тегжейлі баяндалған.