Бала қауіпсіздігі: Тараз мектептеріне «ақылды» жүйелер орнатылуда

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Тараз қаласындағы №53 мектеп-гимназиясына «Ата-ана бақылауы» пилоттық жобасы ретінде алғашқы қауіпсіздік құрылғылары орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аталған мектепке арнайы барып, жаңа жоба аясында орнатылған қондырғының жұмыс істеу процесімен танысты.

Дамыған мемлекеттерде іске қосылған қауіпсіздік жүйесі өңірлер арасында алғашқылардың бірі болып Таразда іске қосылып отыр.

Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Архат Байқазақовтың айтуынша, баланың мектепке барып-қайтуын қадағалайтын бұл жаңа жоба ата-ана мен оқушы үшін өте тиімді болмақ. Оқушының қоғамдық көлікпен жүруге арналған арнайы «Tulpar сard» картасына бірнеше жүйе біріктірілген. Мәселен бала үйден шығып, автобусқа мініп, картасын валидаторға басқаннан кейін бірден анасына немесе әкесіне автобусқа мінгендігі туралы хабарлама келіп түседі. Онда бала қай автобусқа мінгендігі, ол көліктің нөмірі көрсетіледі. Бұдан бөлек, мектеп турникеттерінің деректер базасы «Tulpar сard» компаниясымен интеграцияланған. Оқушы турникет арқылы бет-әлпетінің биометриялық параметрі немесе картамен кіре алады.


«Tulpar» мен «Balapey» компаниялары біріктіріліп, мектеп асханасына арнайы жүйемен жабдықталған. Бұл жүйе арқылы бала өзіне керекті тамақ мәзірін таңдап, «Tulpar» картасы арқылы төлейді. Бала нені таңдай алатынын, қанша ақша жұмсауға болатынын ата-ана қадағалап отырады. Ең бастысы, баланың қалтасына ақша салып жүрмеуінің өзі қауіпсіздікті барынша арттыратыны сөзсіз.

Жүйе қалай жұмыс істейді? Қанша минутта ата-анаға хабарлама келіп түседі? Қысқасы, цифрлық басқарумен баланың іс-әрекетін бақылауға болатынын Дильназ есімді 9-сынып оқушысы облыс әкіміне анасымен бірге жүріп, іс-жүзінде көрсетті.

Жоғарыдағы аталған процестердің барлығын бала қалай жасағанын – ата-анасы смартфонына келген SMS хабарламалар арқылы көріп, бақылап отырады. Мұның бәрі әзірше Tеlegram-бот арқылы жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта арнайы қосымша іске қосылып, мектептердегі камералар цифрлық жүйеге ауысады. Облыстық полиция департаментінің ақпараттандыру және байланыс басқармасы тікелей бақылай алады. Егер мектепте төтенше жағдай орын ала қалса, бірден электрондық дабыл іске қосылып, жедел жасақ жіберіледі.


«Орнатылған жүйелерде барлық системамен, яғни полиция, төтенше жағдай, білім басқармалары және тағы да басқа мүдделі органдармен интеграция болуы керек. Ең алдымен бұл жүйе Тараз қаласындағы мектептерде іске қосылады. Содан кейін аудан орталығындағы білім ошақтары да қамтылады. Әрбір мектепте электронды дабыл қоңырауын қоюды ойластырыңдар. Оқушыларды, мұғалімдерді, қызметкерлерді жазғы демалыс кезінде осы жүйеге оқыту қажет. Жаңа оқу жылына дейін мұны толығымен жүзеге асыруға тиіспіз», - деген облыс әкімі тиісті басқарма басшыларына жүйенің тиімділігі мен жұмсалатын қаржы көлемін нақты есептеп, жұмысты кешенді түрде ойластыруды тапсырды.

Алғашқы пилоттық жоба ретінде Тараз қаласындағы 10 мектепке осы жүйе орнатылатын болады. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев өзіне міндеттеме алған компания өкілдеріне атқаратын жұмыстарына жауапкершілікпен қарауды қатаң ескертті.

«Мектептің кіреберісіне орнатылған металіздегіштен және турникеттен бір уақытта қанша бала кіріп үлгереді? Кезек күтіп тұрып қалмай ма? Осы жағын да ойластырып, балалардың барлығы бірдей келгенде ешқандай кедергі туындамайтын жолды қарастыру қажет. Бізге керегі – әке-шешесі баласының мектепке келіп-кеткенін хабардар болып, алаңсыз отыруы. ID карта тек қана мектеп асханасының жүйесіне ғана қосылған болуы керек, сырттан ештеңе алмағаны дұрыс», - деді Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, мектептегі барлық камералар облыстық полиция департаментінде орнатылған арнайы «Мерген» интелектуалды автоматтандырылған жүйесіне қосылған. Барлығы онлайын жүйеде бақылауда болады. Облыс әкімі жауапты мамандарға барлық мектептердегі камераларды және электронды дабыл тетіктірін де осы жүйеге қосудың жолын қарастыруды жүктеді.