Бала кезімде әжем «жылқы етін жесең мықты боласың» деп дәм таттыратын - француз Арно Дриоллетпен сұхбат
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл қазан айында Францияда Мал шаруашылығы саммиті өткен болатын. Осынау халықаралық іс-шара барысында «Қайып Ата» мен Pegase BVS компаниялары арасында жылқы етін Францияға жеткізуді ұйымдастыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған еді. Осыған орай Париж тұрғыны Арно Дриоллетті сөзге тартып, Францияда жылқы етін қаншалықты тұтынатынын, француздардың ас мәзіріндегі жылқы етінен дайындалатын тағамдар жайлы сұрап білген едік.
- Францияда жылқы етін қаншалықты тұтынады?
- Жалпы тұтынылатын еттің 10 пайызы шамасында. Дегенмен, бұл дерек төңірегінде дау көп. Өйткені, француздардың жылқы етін жеуі жылдан жылға төмендеп келе жатыр. Agreste компаниясының деректеріне сәйкес, 2022 жылы тұтас ет баламасында алғанда жалпы ет тұтынудағы жылқы етінің үлесі небәрі 0,1 пайызды құраған екен. Яғни, шошқа (37,6 пайыз), тауық (26,5) және сиыр (26,1) етін тұтыну өте жоғары. Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі жүргізген статистикалық деректерден де жылқы етін тұтыну көлемінің соңғы 10 жылда 10 пайызға төмендегенін байқауға болады. Айталық, FranceAgriMer ұлттық ауыл шаруашылығы және теңіз өнімдері институтының деректеріне сәйкес, 2022 жылы елімізде небәрі 3 882 жылқы сойылған. Ал 2012 жылы 18 мыңнан астам жануар қасапханаға жіберілген еді.
- Ал ас мәзірлеріңізде жылқы етінен дайындалатын қандай тағамдар бар?
- Менің білуімше, бізде жылқы етінен әзірленетін арнайы тағамдар жоқ. Алайда, әдетте жылқы етінен әзірленетін «cervelas» деген шұжығымыз бар. Біз жылқы етін сиыр еті сияқты жейміз. Тартар (tartare) жасаймыз, бұқтырамыз, қуырамыз. Францияда жылқы етін арнайы қасапханадан (boucherie de chevaline) таба аласыз. Бірақ, соңғы уақытта олардың қатары жылдан жылға азайып бара жатыр.
- Француз мейрамханаларында жылқы етінен дайындалатын тағамдар бар ма?
- Болады. Бірақ өте сирек кездеседі.
- Жылқы етінен, жалпы қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып көрдіңіз бе?
- Иә, өйткені, жұбайым қазақ әрі Қазақстанмен тығыз жұмыс істеймін. Сондықтан соңғы 10 жыл бойы елдеріңізде үнемі болып тұрамын.
- Қазақтың қандай ұлттық тағамдары ұнады?
- Ет пен бауырсақ. Мұнан бөлек, сіздердің ұлттық тағамдарыңыз саналмаса да мәнті, тұшпара, кәуап және лағманды сүйсініп жеймін.
- Қазақстаннан жылқы еті Францияға экспортталып жатса сатып алар ма едіңіз?
- Нақты айта алмаймын. Өйткені, Францияда еш уақытта жылқы етін сатып алып, асып көрмеген едім. Иә, бала кезімде жылқы етін жедім. Әжем «мықты, батыл адам болу үшін жылқы етін жеу керек» деп дәм таттыратын. Алайда, сол уақыттан кейін Қазақстанға барғанда не болмаса осы жердегі қазақ достарым қонаққа шақырғанда болмаса, жылқы етін жеген емеспін. Мүмкін Париж төрінде, үйіңде жылқы етін асып тұрған жөн шығар...