— Ана мен балаға қолдау көрсету үшін берілетін бұл төлем әкеге емес, анасына тағайындалады. Ер адам бала күтіміне байланысты демалысқа шыға алады, бірақ әлеуметтік төлемді өзі емес, жұбайы алады, — деп жауап берді Еңбек министрі Асқарбек Ертаев тілшілер сұрағына.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының басқарма төрағасы Алмас Құрманов бұл тәртіптің жынысына қарай кемсіту болып саналмайтынын атап өтті.
Оның түсіндіруінше, «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» заңның 4-бабына сәйкес, ана мен баланы қолдауға бағытталған шаралар жыныстық белгі бойынша кемсітуге жатпайды.
— Ер адам Еңбек кодексіне сәйкес бала күтіміне байланысты демалысқа шыға алады. Ал әлеуметтік төлем анасына тағайындалады. Бірақ ер адам баланы жалғыз тәрбиелеп, қорғаншы болса, төлем алу құқығы бар. Мұнда біз төлем алу мүмкіндігін шектемейміз, — деді Алмас Құрманов.
Сонымен бірге, жаңа тәртіп бойынша ана сәбиі 1,5 жасқа толғанша жұмысқа шықса да, әлеуметтік төлем толыққанды 1,5 жыл бойы беріледі.
— Жұмысқа шыққан әйелдің ізін бақылап, соңынан ешкім түспейді. Қазір біз Мемлекеттік кірістер комитетіне тиісті мәліметтерді жолдап, басқа да шараларды қолға аламыз. Енді ананың жұмысқа шыққаны туралы бұйрықты сұратып, соның негізінде төлем тоқтатылмайды. Ана сәбиі 1,5 жасқа толғанша жәрдемақысын толық алады, — деп түсіндірді А. Құрманов.
Айта кетейік, баласы 1,5 жасқа толмай жұмысқа шыққан аналардың жәрдемақысы толық сақталады. Бұл өзгеріс әйелдердің жұмысқа оралуына кедергі келтіретін шектеуді жоюға бағытталған.
Сонымен қатар, жәрдемақы үшін ажырасудың алдын алу үшін бөлек тұратын ата-аналар да баланың отбасы құрамына енгізіледі.
Еңбек министрі 36 жәрдемақының 14 түріне ғана мұқтаждық критерийі енгізілетінін айтты.