Бала өлтіріп, әкесінен 100 мың доллар талап еткен қанішер 23 жылға сотталды

АСТАНА. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Астанада біреудің баласын өлтіріп, әкесінен 100 мың доллар ақша талап еткен қанішер 23 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Астана қалалық Ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанат Битенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Аталмыш оқиға жөнінде Ішкі істер департаментінің өкілдері осыған дейін де хабарлаған болатын. Олардың мәліметтеріне қарағанда, Моңғолиядан көшіп келген Марат Серікболат атты азамат өткен жылдың желтоқсан айының 11-і күні 1997 жылы туылған Құтбидин Ұлықбекұлын алдап, көлігіне мінгізіп, белгісіз бағытқа алып кетеді. Алғашында өзі мінген көлік иесінен еш күдіктенбеген жасөспірім оның шын ниетін сезген соң көліктен шығып қашпақ болады. Алайда қылмыскер оны көліктің қауіпсіздік белбеуімен буындырып өлтіреді. Осыдан соң қылмыскер баланы қаланың сыртына апарып тығып тастайды. Бұдан әрі ол баланың әкесіне телефон шалып, баласын көргісі келсе, 100 мың АҚШ долларын алып келу қажеттігін айтады. Қылмыскер тәртіп сақшыларының қолына өзі талап еткен ақшаны алу барысында түседі. Тергеу барысында мәлім болғанындай, қылмыскер мұндай әрекетке өзінің ағасымен бірге сауда жасайтын азаматтың үй сатып алмақ болып жүргендігін және оған қаржысының да бар екендігін естіп, сол ақшаны иемдену мақсатында жасаған.Полицейлер қылмыскерге қатысты ұрлық жасау, қасақана кісі өлтіру, ақша бопсалау сияқты үш түрлі әрекет бойынша қылмыстық іс қозғап, оны сотқа жолдаған. «Елорданың «Сарыарқа» аудандық соты Марат Серікболатовты кінәлі деп тауып, оны 23 жылға бас бостандығынан айырды. Қылмыскер жазасын қатаң тәртіптегі түзеу колониясында өтейтін болады», деді Ж.Битенов.