Бала Оралханның куәгері: Жазушының ешкімге сұхбат бермеген сыныптасының әңгімесі
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Жазушы Оралхан Бөкейдің ешбір журналиске сұхбат бермеген сыныптасы бар дегенді естігенде елең ете қалдық. Өскеменде тұрады екен. Есім-сойы – Зияш Сейітқазықызы. Айымыз оңынан туып, жасы сексеннің ауылына аяқ басқан Зияш апа бізбен кездесуге келісті. Сөйтіп, «Алтай кербұғысының» балдай балалығы мен бұрқанған бозбалалық шағының куәгерімен көңіл жазып, көсіле сөйлестік.
— Оралхан Бөкеймен нешінші сыныптан бері бірге оқыдыңыз?
— Оралхан да, мен де Ұлы Отан соғысының бел ортасында тудық. Туған күніміз де таяу. Ол 1943 жылдың 27 қыркүйегінде, мен 3 қарашада тудым. Сол кезде Шыңғыстай колхоз болған. Оралханның да, менің де шешем бригадада жұмыс істеген. Бізді бір бөбекжайға тапсырған. Үш жасқа дейін сонда болдық. Ал мектепке 50-ші жылы бардық. Алғашқы мұғаліміміз Нұрташ Құдайбергенова деген кісі. Бір қолында алты саусағы бар-тын.
Шыңғыстайды халық екіге бөліп айтады. Бір жағын — шекеме, екіншісін — ауыл дейді. Шекемеде мен, ауылда Оралхан тұрды. Екіқабатты бастауыш мектебі Оралханның үйлеріне жақын орналасқан. Төртінші сыныпқа дейін сонда оқыдық. Үлкен үзілісте кимешегі жер сызып Оралханның апасы келетін. Уысы толған бауырсақ. «Ораш! Ораш!» деп айқайлап шақырады. Бәрі естиді. Оралхан жетіп барады да, бауырсақты түгел жеп тауысып, қайта келеді. Біз қызығамыз. Сол мектепте Оралханның 2 жас үлкен апайы Ләззат та оқиды. Бірақ оны шақырмайды. Оралхандардың үйлері Бұқтырманың жағасына жақын еді. Су көтерілгенде қазір музей болып тұрған қырдағы үйге көшіп барды. Бесінші сыныптан бастап шекемедегі мектепте оқыдық.
— Сыныптастары Оралхан Бөкейді қалай атайтын едіңіздер?
— Қыздар Оралхан дейміз. Бірақ мұғалімдердің бәрі Ораш дейтін. Біз оны «Мақтаншақ» деп мазақтайтынбыз. Әуезовтың Абай туралы кітабын оқып алып, мектепте бәрімізге сондағы кейіпкерлердің атын қоятын. Мені Зере дейтін. Ал өзін үнемі Абай деп айтатын. Бұл жаңылмасам алтыншы сыныпта. Тарихтан Қасыбеков деген мұғалім сабақ берген. Оралханды тақтаға сабақ айтуға шақырғанда ол «Оның несін айтамын? Кейін қазақтың дұрыс тарихы шыққанда үтір-нүктесіне дейін айтып беремін» дейтін. «Әй, Ораш-ай!» деуден әрі аспаған ұстаздың оған нендей баға қойғанын білмеймін. Бірақ екілік қоймайтын. Егер біз сөйтсек ұрсып, екі қойып тастайтын. Таңқаламыз. Ренжиміз. Қашқынбаев деген мұғалім географияны оқытты. Ол тақтаға шығарса Оралхан бәрін зуылдатып айтып береді. Қоңырауда «Әкәу, географияны соғып тұрсың. Тарихты да неге сөйтіп айтпайсың?» деп сұраймыз түкке түсінбей. «Мынандай табиғатта тұрып мен неге географияны айтпауым керек» деп жауап беретін. Осындай түсініксіз тұстары көп-тұғын. «Мынау есінен адасқан!» дейтінбіз сондай кездерде әбессініп.
«Ара» деген қабырға газетін шығаратынбыз. Оған оқушылар кезек-кезек жазамыз. Кезегі келгендердің көбі Оралханға қолқа салады. Ол жақсы жазатын. Газетке тәртібімен көзге түскен немесе тентектік танытқан балалар туралы береміз. Оның өзін жай жаза салмайды. Газет қабырғаға ілінген сәтте дәлізде «Қалай шығардым, ә? Көрдіңдер ме?» деп иегін көтеріп, алшаң басып келе жататын. Орта сыныптарда диктантты нашар жазатын. Математикаға да шорқақтау болды. Әдебиет сабағында өлең жаттауға бергенде біз сөзбе-сөз жаттасақ, Оралхан басқалай бұрып айтатын. Сабақтан шыққанда «Ана өлеңде ондай сөз жоқ қой!» деп сөгетінбіз. Түсінбейтінбіз. Сол кездегі дарынын кейін арада талай жыл өткенде Оралханның жығасы жығылмай, жұлдызы жанып, күллі қазаққа атағы шыққанда түсіндік қой. Дүйсенбі сайын линейкада Зәбила Алпысова есімді мұғалім «Ораштың басқа сабақтарға қабілеті болмағанымен ол келешекте жазушы болады!» дейтін үнемі. Талантын тамыршыдай тап басып таныған екен. Біз болсақ «Қайдағы жазушы! Сиыр фермасын басқарып отырған әкесі бір ірі қараны атаған шығар» дейтінбіз. Балалық қой. Қызғанышымыз да бар.
— Оралхан оқушы кезінде ауыл кітапханасындағы барлық кітапты оқып тауысып тастаған екен.
— Қазір бәрінің қолында телефон болып кетті ғой. Ол кезде жаппай кітапханаға барамыз. Біз жұқа кітаптарды таңдап жатсақ, Оралхан қалың кітаптарды құшақ-құшақ қылып алып шығатын. Нақты кімнің кітаптары екендігін байқамадық. Бірақ әдеби кітаптар. «Ананы оқымайды да. Өтірік көз қылып алып жүр» деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, жата-жастанып оқып жүріпті. Оны сабақта әңгімелеп айтып берген кездерінде білдік.
— Оралхан Бөкей дегенде ең әуелі көзіңізге не елестейді?
— Жүрісі елестейді. Ұзын шашын сілкіп тастап, басын екі жаққа шайқап, балпаң басып жүретін. «Ораш!» деп айқайлаған апасының дауысы да әлі күнге дейін құлағымда тұр. Оралхан суға түскенде балықтай сүңгитін еді. Малтығанда ешкімге жеткізбейтін. Қыздар судың шетінде ғана жүретінбіз. Сол кезде көкірегін алаң басқан апасы келіп: «Ораш, алысқа барма! Қайт болды!» деп шақырып алатын. Үйдегі өңкей қыздардың арасындағы жалғыз ұл немересін ерекше жақсы көретін еді.
— Сыныптағы ұлдар ерегесіп, жұдырықтасып та жатады ғой. Оралханның біреумен төбелескен кездері болды ма?
— Менің көз алдымда ондай болған емес. Оралхан бала күннен спортпен әуестенбеді. Бірде мынадай оқиға болды. 7 сыныпта ғой деймін. Дене шынықтыру сабағында Оралхан құлап, аяғын жарақаттап алды. Аққан қанды көріп қыздар жағы жылап жүрміз. Сол кезде ол «Немене, көзім жұмылмай жатып жоқтай бастадыңдар ма?! Әлі ерте!» деді жұлып алғандай. Былтыр ғана Шыңғыстайға барғанда немерелерімді сол мектепке апарып «Дәл осы жерде Оралхан жығылып қалған» деп көрсеттім.
— Ақын Әлібек Қаңтарбай Оралханның мектепте жоғары сыныптың қыздарына жиі хат жазғанын, онысы ғашықтықтан емес, жазушылық шеберлігін шыңдау үшін екенін айтқаны бар. Сондай хаттарды жазғанын көрдіңіз бе?
— Әлібек менің қайын сіңлімнің қайнысы. Оралханның алғашқы махаббаты туралы мақала кезінде «Коммунизм туы» газетіне (қазіргі «Дидар» — авт.) шыққан. Есімі — Жазира. Бірақ газетке тегін Бұтабаева деп қате жазып жіберіпті. Дұрысы — Бұратаева. Ал Оралханның жоғары сыныптың қыздарына хат жазғанын өзім көрген емеспін. Бір білсе, Әлібек білетін шығар.
— Тұрмысқа неше жасыңызда шықтыңыз?
— Әкем 5 жасымда қайтыс болып, 4 баланы анам бір өзі өсіріп жеткізді. Оралхандар 10 сынып бітірді, ал мен жұмысқа ерте араласып кеттім. Жетінші сыныптан соң Өскемендегі техникумға сырттай оқуға түстім де, ауылымыздағы дүкенде сатушы болып жұмыс істедім. Бірақ сыныптастарымды үнемі көретінмін. Дәл мектептің қасындағы дүкенге олар күнде топырлап келетін. Араларында Оралхан да бар. Екі жылдан кейін басқа ауылға жұмыс ауыстырдым. Тұрмысқа 19 жаста шықтым. Алты бала сүйдік. Төртеуі — қыз, екеуі — ұл. Шалым 14 жыл бұрын сәуір айында қайтыс болған. Құдайға шүкір, қазір 11 немерем, 10 шөберем бар. Тұңғыш немерем Мерей өзің сияқты журналист. 2008 жылдан бері осы қалада тұрып келемін. Бір немерем Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы № 44 мектепте 4-ші сыныпта оқып жүр. Өзі: «Апамның сыныптасының атындағы мектепте оқимын!» деп мақтанып қояды. Сол мектептің және қалалық Оралхан Бөкей атындағы кітапхананың жанынан өткен сайын мен де өзімнен-өзім балаша мәз боламын.
— Оралхан жасындай жарқ етіп, мұқым елге танылғанда сізде қандай сезім болды?
— Бір жағы таңданыс, бір жағы қуаныш болды. Үнемі оны айналаға алқап, тілеуін тілеп жүретінбіз. Осы сияқты дарын біздің бойда неге жоқ екен деп қоятынбыз арасында. Айтпақшы, ауылдағы дүкенде Оралханның әйелі Айманмен бірге жұмыс істедік. Қырмызыдай ажарлы еді ғой, жарықтық. Бірге түскен суретіміз де бар. Мен — сатушы, ол — тауартанушы. 1965 жылы Оралхан екеуі шаңырақ көтерді.
— Оралхан Бөкей небәрі 49 жасында Үндістанда жүрген сапарында кенеттен қайтыс болды. Бұл суыт хабарды қалай естідіңіз?
— Шыңғыстайдағы қызым қоңырау шалып айтты. Жүрегім шым етіп, күңірене қамықтым. Не дегенмен ол менің сыныптасым ғой. Балалық шағымыз ортақ. Бауырымдай. Оралханмен ойша сөйлесіп, бақұл айттым. Сүйегін Шыңғыстайға әкеледі деп жатқан. Бірақ кейін Алматыға қоятын болыпты.
— Жазушының мерейтойларына арнап аудан, облыс, республика көлемінде түрлі шаралар өткізіліп жатты. Соларға сізді шақырды ма?
— Өз ауданымыздағы шаралардың кейбіріне ғана қатыстым. Мен керісінше бәріне «Оралханның сыныптасы екенімді айтпаңдар» дейтінмін. Ұялдым. Осыдан талай жыл бұрын «Қазақстан-Өскемен» (Қазіргі «Алтай» — авт.) телеарнасынан Айдана есімді журналист қыз келген. Қоярда-қоймай көндіріп, Оралхан Бөкей жайлы сюжетке қысқаша сөйлеткізді. Ал ешкімге осылай әңгімемді кеңінен көсіліп айтып, көлемді сұхбат беріп көрмедім. Әйтпесе қолқа салғандар болды.
— Оралханмен түскен фотосуретіңіз бар ма?
— Кезінде сыныптастар бәріміз бірге түскен фотосурет болған. Бірақ біреу алып кетіп, сол күйі қайтармай қойды. Басқа жоқ.
Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде тіл маманы Оралхан Бөкей шығармаларындағы әр сөзді талдап, сөздік жасап жатқанын жазғанбыз.