ШҚО-да криминалитет өкілін ұстау бойынша арнайы операция жүргізілді. Белгілі болғандай, 57 жастағы ер адам Өскеменге Алматы қаласынан келген. Осындағы сыбайласымен бірге жергілікті кәсіпкерді бопсалаған.
«Кәсіпкерге және оның отбасына күш қолданатынын айтып қорқытып, оған тиесілі жер телімін өз атына аударуға мәжбүрледі. Облыстық ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері мен ШҚО бойынша ҰҚК департаменті бірлесіп екі күдіктіні ұстады. Олардың бірі уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Оның тұрғылықты үйін тінту барысында жерге қатысты құжаттар тәркіленді», - дейді облыстық ПД бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков.
Екінші күдікті қолхатпен босатылды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігіне (Бопсалау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.