Бала-шағасы мен отбасы үшін алаңдаған: Жамбыл облысындағы қылмыстың мән-жайы белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл облысының тұрғыны Ахмет Дүкенбай кісі қолынан қаза болардан бірнеше күн бұрын жұбайына балаларды жалғыз жібермеуді, үйден үлкендердің қарауынсыз шығармауды ескерткен. Енді марқұмның туыстары отбасының қауіпсіздігіне алаңдап отыр.

Фото: Threads/kaairatovnnna

Алдын ала мәлімет бойынша, Ахмет Дүкенбай 1 тамызға қараған түні сағат 3 шамасында Луговой ауылындағы Пушкин көшесінде оққа ұшқан. Марқұмның әпкесінің айтуынша, атыс түнгі сағат 2:30 шамасында басталған. Бірінен соң бірі төрт-бес рет оқ атылған.

Шамамен бір сағаттан кейін үйге полиция қызметкерлері жеткен. Олар Ахметтің ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілгенін хабарлаған. Алайда туыстары 25 жастағы жігіттің оқиға орнында-ақ көз жұмғанын айтып отыр.

Марқұмның әпкесі Ахметтің қандай жарақат алғанын да айтып берді. Оның сөзінше, оқтың бірі басына тиген, тағы біреуі арқасына тиіп, жүрек тұсынан өткен. Сонымен қатар туыстары оның белі мен аяғынан да оқ жарақаттарын байқаған. Сараптаманың нақты қорытындысы әзірше жарияланған жоқ.

Қайғылы оқиғадан кейін отбасы кейінгі күндері болған әңгімелерге алаңдай бастаған. Марқұмның жұбайының айтуынша, Ахмет әлдебір адамдармен жанжалдасып жүргенін айтқан. Ол әйеліне балаларды алысқа жібермеуді, оларды жалғыз қалдырмауды және абай болуды ескерткен.

Қазір марқұмның жақындары өзге туыстарының да қауіпсіздігіне алаңдап отыр. Ахметтің әкесі отбасына қарулы күзет беруді сұраған. Оның сөзінше, қауіп тек бір адамға емес, бүкіл отбасы мүшесіне төнуі мүмкін.

Күдікті қазір уақытша ұстау изоляторында. Полиция адам өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу құпиясына байланысты істің өзге мән-жайлары әзірше жарияланбай отыр.

Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында оққа ұшқан азаматтың туыстары күдіктінің жауапкершіліктен жалтаруы мүмкін деп алаңдап отырғанын жазғанбыз. Олар әлеуметтік желі арқылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, істі жеке бақылауына алуды сұрады.