Бала-шағасымен жолдан жүгіріп өтпек болған отбасының бір мүшесі апатқа ұшырады

Фото:
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыдағы «барахолка» маңында жүк көлігі қызды қағып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды. Көлік ерсілі-қарсылы ағылып жатқан және жолдан өтуге рұқсат жоқ жер. Алайда, балаларының бірін көтеріп, енді бірін жетектеген ересек адамдар жылдам кесіп өтпек болған. Жолдың ортасына жетіп, арықарай жүгіре бергенде қыз бала апатқа ұшырайды, ал әйел адам бір баламен кейін шегініп үлгерген.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты бүгін, 25 шілде күні сағат 15:00 шамасында Жетісу ауданында болды.

«Mercedes» көлігінің жүргізушісі Солтүстік айналма көшесімен солтүстік бағытта келе жатып, жолды кесіп өтіп бара жатқан жаяу жүргіншіні қағып кетті. Зардап шеккен жаяу жүргінші жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілді. Аталған жол-көлік оқиғасын Жетісу ауданы полиция басқармасының қызметкерлері тергейді. Тиісті сараптамалар тағайындалды», - деді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.