Кітап редакторы Нұраддин Садықтың айтуынша, бұл еңбекті шығару идеясының авторы - адвокат Абзал Құспан. «Орхон» баспасынан 2 мың данамен жарық көрген бұл кітапты дайындауға құрастырушылар 2 жыл уақыт жұмсаған. Онда балаларға арналып шығарылған кітаптарда бұрын-соңды басылмаған шығармаларды топтастырған. Оларды жинақтауда қазақ ғалымдары мен зиялы тұлғалардың естеліктерінде жазылған материалдар, Ғылым ордасының сирек кездесетін кітаптар мұражайы қорында сақталған қолжазбалар, шетелдік баспалардан жарық көрген зерттеу еңбектері пайдаланылып отыр.
«Психолог ғалымдардың айтуынша, баланың санасына ұлттық, ғаламдық деңгейдегі ұғымдарды сіңіру қажет. Бесік жырымен басталған бұл хрестоматияға тақпақтар, санамақ, ертегілер, жаңылтпаштар, сұрақ-жауаптар, ақ бата, қиссалар, мифтер мен аңыздар, батырлар жырлары еніп отыр», - дейді кітапты құрастырушылардың бірі Мұхит Төлегенов. Оның айтуынша, зерттеу кезінде Қазан төңкерісіне дейінгі қолжазбаларға көбірек көңіл бөлінген. Сондай ізденіс кезінде олар бесік жырларының жаңа нұсқасын тапқан.